24.06.2025, 00:30

Астанадағы саябақта сұмдық: Ер адам жасөспірімді аяусыз соққыға жықты

Фото: видеодан алынды

Оқиға 22 маусым күні кешкі уақытта Е-669/4 көшесінде орналасқан демалыс орнында болған.

Астана қаласындағы балаларға арналған ZUZU саябағында жасөспірім мен ересек адам арасындағы төбелеспен аяқталған оқиға қоғамның назарын аудартты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқиға 22 маусым күні кешкі уақытта Е-669/4 көшесінде орналасқан демалыс орнында болған. Қақтығыс бастапқыда балалар арасындағы тұрмыстық келіспеушіліктен басталғанымен, кейіннен жағдай ушығып, ересектердің қатысуымен ауыр сипат алды. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, кішкентай балалардың бірі екіншісіне агрессия танытқан. Сол сәтте олардың бірінің ағасы — 18 жастағы бозбала — жағдайға араласып, балаға ескерту жасап, оны сәл ғана итеріп жіберген. Біраз уақыттан кейін саябаққа балалардың ата-анасы келген. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл — жанжал бастаған баланың әке-шешесі. Әйел балағат сөздер айтып, оқиғаға қатысы бар балаларға айқайлаған. Артынан келген ер адам жасөспірімнің желкесінен ұстап, шетке қарай алып кеткен соң, беті мен басына бірнеше мәрте соққы жасаған. Куәгерлер оның қолында кастет болуы мүмкін екенін айтады. Соққылар кеуде тұсына да тиген. Жасөспірім ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Оның інісі де жарақат алған, қазір амбулаториялық ем қабылдауда. Жәбірленушінің анасы жағдайға байланысты түсініктеме беріп, оқиғаның баласының інісін біреу итеріп жібергеннен басталғанын, ал үлкені оны қорғауға тырысқанын айтты. Алайда оның айтуынша, бұл әрекет ересек адамның аса қатігездікпен жауап қайтаруына себеп болған. Астана қалалық полиция департаменті аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша іс қозғағанын растады. Тергеу амалдары жүргізілуде.19:20