25.06.2025, 11:40

Әкімдіктен «шіріген» сыйлық: Ақтөбеде көпбалалы ана шенеуніктерді жауапқа тартуды талап етті

Коллаж: Sn.kz

 

Берілген баспана апатты жағдайда тұр.  

 

Ақтөбеде алты баланың анасы қала әкімі Азамат Бекетке апатты жатақханаға қоныстандырғаны үшін жауапкершілік жүктеуді талап етуде, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Гүлжан Сейдильдина әкімдіктен жатақханадан пәтердің кілтін алған.

Алайда бұл ғимарат ресми түрде апатты деп танылып, сүрілуі тиіс нысандардың қатарында. Әйел қиын жағдайға тап болып, биліктен көмек сұраған. Оған едендері шіріген, терезелері сынған, қабырғалары көгерген, тарақан толы бөлмесі бар ғимараттан орын ұсынылған. “Жатақхана бар деді де, кілтін берді. Мадияр мен Аружан есімді бөлім басшылары, Нұржамал есімді депутат – бәрі бұл ғимараттың жағдайын білді.

"Әкім де білген, мен оның көмекшісімен сөйлестім. Мені сол жерге комиссия жіберді. Барлығын жауапқа тартуды талап етемін. Бұл үй өмір сүруге қауіпті, бірақ менің таңдауым болмады. Екі айлық пәтерақыны төлей алмадым. Маған ота жасалды, соның кесірінен қиындықтар болды, мені пәтерден шығарып жіберді. Амалсыздан осында келуге тура келді. Мұнда балалар тұрып жатыр ғой” – деді көпбалалы ана.

Қазір бұл пәтерде ол төрт баласымен бірге тұрып жатыр. Екі үлкені – ересек, бөлек кеткен. Олар бұл жатақханаға бес күн бұрын көшіп келген.