25.06.2025, 22:30

«Ағаштарды бояумен бояп қойған»: Президентті күткен Ақтөбенің әкімі желіде күлкіге қалды (ВИДЕО)

Фото: stan.kz

Жергілікті билік таңғы сағат 5-тен бастап қала көшелерін жуып, жол белгілерін бояды.

Ақтөбеде президент келмес бұрын абаттандырылып, таңғы сағат 5-тен бастап қала көшелерін жуылып,  жол белгілерін боялған. Қала тұрғындары мұндай өзгеріске таңданыстарын білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Өңірге жұмыс сапарымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барды. Жергілікті билік таңғы сағат 5-тен бастап қала көшелерін жуып, жол белгілерін бояды.

Ақтөбеліктер желіде жол бойындағы ағаштардың жасыл бояумен боялғанын айтып шағымданды. Тұрғын ағаш жапырағын ұстаса қолға жасыл бояу жұғатынын көрсеткен. Әлия Молдағұлова даңғылы бойында қураған ағаш бұталары жап-жасыл болып шыға келген. Жапырағы өспей қурап кеткен ағаш бұталары жасыл түс жамылып тұр.

Тағы бір оғаш кадр - кортеж өткен жол бойында құдық қақпағы жабылмаған, ашық жатыр. Қаланың басты көшелерінің бірі саналатын бұл маңда адам көп жүреді. Ашық құдық балалар үшін қауіпті.

Ал Ақтөбе қаласы әкімдігі “ағаштарды бояп жатыр” деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

“Inva Profi" ЖШҚ мамандары бекітілген кестеге сәйкес Ақтөбенің жасыл желектеріне жоспарлы күтім жасайды. Жұмыстарға аурушаңдықтан және температураның өзгеруінен өсімдіктерді қорғау үшін құрғақ бұтақтарды кесу, санитарлық кесу, иммуностимуляторлармен өңдеу (Nature, Эпин, Циркон) кіреді. Бактериялық аурулардың алдын алу үшін топырақ Фундазол, Фитоспорин және Превикурмен өңделеді (әсіресе гүлдердің астында). Көгеруден зардап шеккен өсімдіктер құрамында мыс бар препараттармен өңделеді. Маусым бойы тыңайтқыштармен (әмбебап Кристалл, фосфор мен калий мөлшері жоғары Кристалл) қоректендіру жүргізіледі. Күн сайын жасыл желектердің жай-күйіне мониторинг жүргізіледі. Ағаштардың айналасындағы топырақты қопсыту, арамшөптерден тазарту және қажет болған жағдайда гербицидтермен қоректендіру үнемі жүргізіледі”, – деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімдігі.