Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеріс жүргізілуде.
Алматыдағы Сайран көліне батып кеткен кәмелетке толмаған баланың денесі табылмай жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оқиғаны қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растаған.
17 жастағы жігіттің батып кеткені туралы полицияға хабарлама түскен. Оқиға орнына кезекші прокурор мен тергеу тобы барды.
"Суда екі кәмелетке толмаған баланың болғаны анықталды. Олардың бірі өздігінен жағаға шыққан, ал екіншісінің тағдыры әзірге белгісіз. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен құтқарушылар жұмыс істеуде. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", – деп хабарлады полиция департаменті.
Артынша баланың денесі табылғаны белгілі болды.
Желіде тараған видеоларда куәгерлер құтқарушылардың баланы құтқарып қалуға мүмкіндігі болғанын алға тартты.
“Құтқарушылар келген кезде бала тірі еді. Бірақ құтқарушылар көзілдірігіміз жоқ, суға түсе алмаймыз деп біраз күтті. Баланы құтқарып қалуға болар еді. Олардың жаны жан да біздің баламыздың жаны жан емес пе”, – дейді куәгерлер.
Оқиға орнына дереу полиция мен құтқару қызметі жұмылдырылып, іздестіру жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта құтқарушылар мен тәртіп сақшылары жоғалған баланы табу үшін жұмыстарын жалғастыруда. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеріс жүргізілуде.