26.06.2025, 21:30

7 баланың анасын терезеден лақтырды деген шымкенттік 1,5 жылға сотталды

Фото: жеке мұрағатынан

Дау несие төңірегінде туған.

Шымкентте отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған Шолпан Ақмырзаның жұмбақ өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Orda.kz-ке сілтеп.

Қайғылы жағдай 2024 жылдың 5 ақпанында қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде болды. 42 жастағы Шолпан Ақмырза үшінші қабаттан құлап, сол жерде тіл тартпай кеткен. Оқиға болған кезде үйде оның 2 және 4 жастағы балалары болған. Марқұмның туыстарының айтуынша, бүлдіршіндер «анамызды әкеміз терезеден итеріп жіберді»,- деп айтқан. Алайда балалар кәмелетке толмағандықтан, олардың сөзін сот дәлел ретінде қабылдаған жоқ.

Іс «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қаралды.

Сотта ер адам әйеліне қол көтергенін мойындады, бірақ өлім сәтінде өзге бөлмеде болғанын алға тартты. Тергеу барысында оны терезеден лақтырғанына нақты дәлел табылмаған. Нәтижесінде «отағасы» 1 жыл 6 айға ғана бас бостандығынан айырылып, жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейтін болды.

«Дау несие төңірегінде туған. Ер адам әйелінің телефонынан жасырын түрде несие рәсімдегенін байқап қойған. Салдарынан жанжал шығып, ол әйеліне тіл тигізіп, соққыға жыққан. Алайда оқиға болған сәтте ол өзге бөлмеде болғанын айтты. Терезеден итеріп жібергені дәлелденбегендіктен, іс өзіне қол жұмсауға итермелеу бабы бойынша қаралды», – деді судья.

Алайда марқұмның қыздары бұл үкіммен келіспейді. Олар анасының жылдар бойы психологиялық және физикалық зорлық көріп келгенін алға тартады.

«Анамызды өлтірген адам бар болғаны бір жарым жылмен құтылды. Бұл — әділетсіздік. Әкеміз бізден тек соңғы сөзінде кешірім сұрады. Бірақ біз оны кешірмейміз. Анам күннің аптабына да, даланың суығына да қарамай базарда жүріп бізді асырады. Әкеміздің қол көтеріп, қорлап келгенін бәріміз білеміз. Егер анамыз шын мәнінде өзіне қол салғысы келсе, оқиғадан үш күн бұрын ғана рәсімдеген несиені неге төлер еді? Қазір сол несиені біз төлеп жатырмыз. Ал ол ақшаға алынған жер телімі әкеміздің атына жазылып кеткен», – дейді жәбірленуші мен сотталушының қыздары.

Марқұм Шолпан Ақмырзаның артында жеті бала қалды. Ең үлкені – 22 жаста, кенжесі – 2 жаста. Ерлі-зайыптылар 16 жыл заңды некеде тұрған. 2020 жылы ажырасқанымен, кейін қайта қосылған. Алайда некені заңды түрде тіркемеген. Осы аралықта тағы екі бала дүниеге келген.

Тегтер: Шымкент түрме