27.06.2025, 14:30

Алматыда қандала қаптады: қабырғадан өтіп, жарыққа ұмтылатын жәндік тұрғындарды әбігерге салды

Коллаж: sn.kz

Қандала адамға зиян келтірмейді.

Биыл Алматы жұрты әбігерге түсті. Қала тұрғындары бұрын-соңды болмаған жәндіктердің қаптауына тап болып отыр. Сөз – кәдімгі қандаланың шақпайтын, бірақ мазаны қашыратын ерекше түрі туралы. Ғылыми атауы – емен немесе ильм қандаласы. Бұрын жылда көктемде сирек кездесетін бұл жәндік биыл үй ішіне дейін кіріп, алматылықтардың берекесін алып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мамандардың айтуынша, бұған негізгі себеп – көктемде күннің тым қолайлы болуы. Жаңбыр мен жылудың үйлесімі мыңдаған дернәсілдің бір мезгілде өсуіне жағдай жасаған. Нәтижесінде, қалада ерекше көп жәндік тіркеліп отыр.

Тағы бір маңызды себеп – көше бойындағы ағаштарға дер кезінде жасалмаған өңдеу жұмыстары. Бұл – аудандық әкімдіктер мен коммуналдық мекемелердің жауапкершілігіндегі шаруа. Алайда көктемде тиісті жұмыстар атқарылмағандықтан, емен ағаштарында өсіп-өнген қандалалар топ-тобымен ұшып, үй-жайларға кіріп кеткен.

Қандала адамға зиян келтірмейді. Шақпайды, ауру таратпайды. Бірақ қолға тисе, сасық иіс шығарып, ашық түсті қабырғалар мен жиһаз беттерінде қоңыр дақ қалдырады. Ал ең бастысы – олар өте көп. Жылдам көбейіп, терезеден, есіктің саңылауынан, қабырғадағы ұсақ жарықтардан үйге ене береді. Масахана да оларды тоқтата алмайды.

Бұған қоса, бұл жәндіктер жарықты жақсы көреді. Кеш түсе бастағанда, сырттан жарық көрінсе – сол бағытқа топталып ұшады. Сондықтан мамандар түнде терезе жабық болуын, жарықты барынша аз қолдануды және үй ішіндегі саңылауларды толық бітеп тастауды ұсынады.

Қазір қала әкімдіктеріне шағым қарша жауып жатыр. Тұрғындар жаппай өңдеу жұмысын талап етуде. Дегенмен, көптеген өтініш жауапсыз қалып, нақты әрекетке көшкен аудан аз. Жекелеген үйлер өз беттерінше улау жұмыстарын жүргізгенімен, бұл нәтиже бермейді. Себебі өңделмеген ағаштардан қандалалар қайта ұшып келеді.

Бұл – жай ғана ыңғайсыздық емес, қаладағы санитарлық жағдайға қатысты күрделі мәселе. Егер жаппай өңдеу жұмысы жүргізілмесе, шілде айы тіпті қиын кезеңге айналуы мүмкін. Алматы жұртшылығы “жәндікпен күресті” жалғыз өзі емес, жергілікті билікпен бірлесіп жүргізгісі келеді. Өкінішке қарай, әзірге бұл тараптан нақты қадам байқалмай тұр.