Қытайлық Temu онлайн-сауда платформасы АҚШ-та тұтынушыларын қарқынды түрде жоғалтуда. Бұған негізгі себеп — бағаның өсуі мен тауар сапасының өте төмен болуы.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, 2025 жылдың мамыр айында АҚШ-та Temu клиенттерінің саны биылғы наурыз айымен салыстырғанда 48%-ға азайған. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің қытайлық тауарларды баж салығынсыз елге кіргізуге тыйым салуы түрткі болды. Бұл жағдайға байланысты Temu-дің иесі PDD Holdings компаниясы АҚШ аумағындағы қоймаларда бар тауарларды ғана сататынын мәлімдеген еді. Бұл бағаның өсуін болдырмауға бағытталған әрекет болды. Алайда салықтық тәртіптің күшеюі тауарлардың қымбаттауына әкеп соқты.
Сонымен қатар, Temu платформасындағы тауар сапасына қатысты шағымдар санының артуы да тұтынушылар сенімінің төмендеуіне себеп болды. Нәтижесінде, америкалықтар бұл маркетплейстен тауар алудан жаппай бас тарта бастады.
Еуропа елдерінің тұрғындары да сапасыз қытайлық тауарларға ақша жұмсаудан бас тартуда. 2025 жылдың басынан бері Temu Еуропадағы жарнама шығындарын айтарлықтай арттырған. Мысалы, Ұлыбританияда 2025 жылдың сәуір айында жарнамаға жұмсалған қаражат 2024 жылмен салыстырғанда 20%-ға өскен. Францияда бұл көрсеткіш тіпті 115%-ға жеткен. Алайда ауқымды жарнама науқаны да жаңа клиенттерді тартуға көмектесе алмады — ашық деректерге сүйенсек, Ұлыбританияда бір жыл ішінде Temu қолданушыларының саны небәрі 10%-ға ғана артқан.
Қазақстандықтар тарапынан да Temu-ге қатысты наразылықтар көбейіп келеді. Отандық тұтынушылар платформаның үнемі ұсынатын жарнамасы мен үздіксіз келетін жеңілдіктер туралы хабарламаларға шағымданып отыр.