$ 520.39  609.58  6.63

«4 тілді жетік біледі»: 6 жасар полиглоттың анасы қызына ағылшын тілін 8 айынан үйреткен (ВИДЕО)

Шыны керек, бастапқыда “бірден төрт тілді үйретеміз” деген нақты мақсат қоймадық.

Фото: Stan.kz
Фото: Stan.kz

8 айында анасына тіл үйренуге серік болған қазақстандық Аиша Байдышева 6 жасында төрт тілді еркін меңгерген. Қабілетті бүлдіршіннің тілі өз ана тілінде шыққан. Кейін анасына ағылшын тілін үйренуіне көмектескен. Оған орыс және қытай тілі қосылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Мадинаның айтуынша, әу баста Аишаны көп тілді меңгеруге баулуды мақсат тұтпаған. Барлығы баланың кішкентай кезінен тілді құлағына сіңіріп өсуіне байланысты дейді ол.

“Шыны керек, бастапқыда “бірден төрт тілді үйретеміз” деген нақты мақсат қоймадық. Бірақ отбасымызда әрқайсымыз әртүрлі тілде сөйлейміз. Сол себепті бұл өзі табиғи түрде жүріп отырды. Аиша кішкентайынан бастап осы тілдерді қатар естіп өсті. Сол себептен біз арнайы үйде тілдік орта жасап, әр тілге жеке көңіл бөліп отырдық. Қазақ тілі – ана тіліміз, туылғаннан бастап осы тілде сөйлестік. Ағылшын тілін шамамен 8 айлығынан бастап енгіздік. 11 айында Аиша кері байланыс жасай бастады. Ойын арқылы, әндер, күнделікті сөздермен үйрендік. Орыс тілі 2 жасынан бастап қосылды, себебі сыртқы ортада атап айтқанда, балабақшада, мультфильмдерде орысша контент жиі кездесетін. Қытай тілін 3 жасынан бастап үйрене бастады, Өзіміз Қытайда тұрып жатқандықтан, бұл да күнделікті өмірде қажет болды”, – дейді Мадина Хасанова.

Айтуынша, өзі тіл үйренуге қызыққан. Сөйтіп бұған Аишаны да баулыған.

“Аиша кішкентайынан бәрін қайталап, тыңдағанды жақсы көретін. Осыны пайдаланып, ойын арқылы тілдерді енгізе бердік. Сөйтіп өзім де ағылшын тілі деңгейімді көтергім келді. Өйткені бұрын ағылшын тілінде 2-3 сөздің өзін айта алмайтынмын. Бір байқағаным, баламен бірге үйрену өте тиімді. Әсіресе, тілі әлі толық шықпаған бала болса. Негізі  5-6 жасқа дейін балада "шет тілі" деген ұғым болмайды. Бұл жаста балалардың деңгейі тіпті ағылшын тілді балалармен тең, яғни A1–A2 деңгейінде. Сондықтан кішкентай кезден үйрету ең дұрыс шешім. Көбіне тілдерді күнделікті өмірге кіріктіріп үйрендік. Мысалы, күнделікті тұрмыста таңертең және кешке ағылшынша сөйлесеміз, ал ата-әжесімен қазақша сөйлеседі. Сыртқа шыққанда қытай тілінде қарым-қатынас жасайды. Осындай жүйелі, бірақ еркін тәсіл жақсы нәтиже берді. Кей күндері 20-30 минут қана тілдік әрекет болса, кей күндері одан да көп уақыт бөлеміз. Бәрі жағдайға байланысты. Бастысы балаға қызық болу керек”, – дейді Аишаның анасы.

Аиша үйде ата-анасымен көбіне қазақша және ағылшынша сөйлеседі. Орыс тілін де ұмыт қалдырмайды. Жас отбасы Қытайда тұрып жатқандықтан Аиша үшін қытай тілін үйрену қажеттілік болған. 

“Балабақшада қытай тілі қажет болды. Бірақ балабақшаға бермей тұрып, үйде алдын ала қытай тілінің негіздерін үйреттік. Тек содан кейін ғана балабақшаға бердік тілдік кедергі болмасын, балаға стресс болмауы үшін. Қазір, шүкір, барлығын түсінеді, қуана-қуана балабақшаға барады. Меніңше, Аиша көбіне қазақша және ағылшынша ойлайды. Бірнеше тілді қатар үйреніп жүргенде қоғам тарапынан теріс пікірлер де болды. Кейде өзім де "төрт тіл тым көп емес пе, шатасып кетпей ме" деп ойлайтынмын. Бірақ қазір еш қиындықсыз әр тілде сөйлей алады, жақсы ажыратады, шатаспайды. Балалардың миы өте икемді. Осы тақырыпта ғылыми зерттеулер де бар. Бала бірнеше тілді қатар меңгере алады”, – дейді кішкентай полиглоттың анасы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары