01.07.2025, 17:40

«Соңымнан еріп, бөксемді ұстады»: Астанада сауда орталығында белгісіз ер адам қызға тиіспек болған

Фото: желіден алынды

"Көзіме жас алып, әрең шықтым".

Желіде астаналық қыз сауда желісінде ер адамның тосыннан жанына келіп, бөксесін ұстағанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқиға 22 маусымда елордадағы Technodom сауда желісінде болған. Ару Әбдірахманова есімді қыз жағдайды Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында баяндады.

 

"Technodom-да эскалатормен төмен түсіп келе жатқан едім. Сол сәтте жоғары көтерілген ер адамның маған қарап тұрғанын байқадым. Бастапқыда мән бермедім. Бірнеше секундтан кейін сол адам соңымнан келіп, бөксемнен ұстады. Оның әп-сәтте қалай жаныма келгенін байқамай қалдым. Арам ойын жүзеге асыру үшін әдейі жүгіріп келген секілді. Ол адамды бірден итеріп жіберіп, айғайладым. Ал ол кездейсоқ болды, байқамай қалдым деп ақталуға тырысты", – деп жазды қыз.

Қыздың сөзінше, ер адам бұл әрекеті үшін еш қымсынбаған. Байқамай қалғанын айтып, жай ғана кешірім сұрапты.

"Ол мені үндемей өте шығады деп ойлады. Өйткені біздің қоғамда мұндай жағдайларды айту "ыңғайсыз" саналады. Бұл ер адамның алғашқы әрекеті емес сияқты. Өйткені ол мұны өте тез, еш тартынусыз, сенімді түрде жасады. Бәрі алдын ала жоспарланғандай көрінді. Ең қорқыныштысы оның жүзінде қымсыну не қорқу болған жоқ. Бұл оның әдеттегі "іс-әрекеті" сияқты. Егер айғайламасам, түк болмағандай кетіп қалар еді. Үнсіз қалмай, өзімді қорғауға тырыстым. Ең қынжылтқаны жанымда тұрған ер адамдар ештеңе істемей, жай қарап тұрды. Неге ондай сәтте көмектеспейсіздер? Неге қыздарды қорғамайсыздар?", – деді қыз. 

Осы жағдайдан соң қыз көзіне жас алып, сауда желісінен әрең шыққанын айтты. 

"Жыларман күйде дүкеннен шықтым. Сол сәтте әлгі ер адам соңымнан келе жатты. Бірақ кіреберісте оны күзетшілер тоқтатты. Көлігімді Technodom-ның алдына қойған едім, тезірек жетіп, мініп алдым. Сосын әлгі ер адамның сыртқа шыққанын көріп, суретке түсіріп үлгердім", – дейді қыз.