01.07.2025, 19:30

Елімізде 1 шілдеден бастап не өзгереді

Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

6 шілде – Астана күні жексенбіге түскендіктен, демалыс күні 7 шілдеге ауыстырылады.

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде бірнеше маңызды өзгеріс күшіне енеді. Жаңалықтар сот жүйесінен бастап, бала бақшаға дейін, газ бағасынан бастап, ұшақ бағытына дейін барлық саланы қамтиды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

3 күн демаласыз

6 шілде – Астана күні жексенбіге түскендіктен, демалыс күні 7 шілдеге ауыстырылады. Осылайша, халық 6, 7 және 8 шілде күндері қатарынан үш күн демалады.

Сот жүйесі: Судьялар және шағым жолдау ережесі өзгереді

1 шілдеден бастап сот жүйесінде өзгерістер болады. Судьялардың тәртібін қарайтын жюри (кеңес) құрамына жаңадан өзгерістер енгізіледі.

Енді азаматтар мен ұйымдар судьяларға қатысты шағымды оңай бере алады. Бұрынғыдай күрделі рәсімдер азаяды.

Сонымен қатар енді электронды өтініштерді doc, docx, pdf, xlsx форматында жолдауға болады. Құжат көлемі 20 мегабайттан аспауы керек.

Соттардың жұмысын жеңілдету үшін Астанада үш түрлі кассациялық сот ашылады:

Азаматтық істерге арналған сот

Қылмыстық істерге арналған сот

Әкімшілік істерге арналған сот

Бұл соттарға Президент 90 судьяны тағайындайды.

Аурухана және емхана:

Ақша бөлу жүйесі өзгереді

1 шілдеден бастап еліміздегі барлық емханалар мен ауруханалар жаңа жүйемен қаржыландырылады. Яғни, мемлекет енді нақты көрсетілген қызмет үшін ғана ақша төлейді. Бұрын ақша басынан бөлінсе, енді кімге қанша көмек көрсетілсе – сонша қаражат бөлінеді.

Поликлиникаға тіркелудің 5 ережесі бар:

Бір отбасы бір жерге тіркелуі керек

Үйге жақын емхананы таңдауға болады

Әркім өзі таңдауға құқылы

Барлық мекемелер тең қаралады

Алдын ала тексеру мен емдеу қолжетімді болуы тиіс

Баспанасы жоқ қызметкерлерге – Тұрғын үй үшін төлем

1 шілдеден бастап прокуратура, өрт сөндіру, экономикалық қылмыспен күрес қызметінде істейтіндерге баспана үшін мемлекеттен төлем беріледі. Тек 1 шілдеден кейін жұмысқа кіргендерге қатысты.

20 жылдан астам еңбек еткендер баспананы тегін жекешелендіре алады. 90 шаршы метрге дейінгі үйді өз атына аудара алады.

Мемлекет берген ақшаны:

Пәтер сатып алуға

Жалдамалы үйдің ақысына

Тұрғын үй жинақ банкіндегі шотқа аударуға болады.

Балабақшаға – Ваучерлік жүйе

Алматы қаласындағы балабақшаларға жаңа жүйе енгізіледі. Ата-ана қай балабақшаны таңдаса, мемлекет сол мекемеге тікелей ақша аударады.

Бұл жүйе ваучерлік қаржыландыру деп аталады. Мақсат – ата-ана мен баланың таңдауына еркіндік беру және бәсеке арқылы сапаны көтеру.

Газ бағасы мен мұнай өндіру

1 шілдеден бастап сұйытылған газдың көтерме бағасы – бір тоннаға 51 932 теңге болып бекітілді. Бұл баға 2025 жылдың соңына дейін өзгермейді.

ОПЕК+ ұйымының шешімімен Қазақстан мұнай өндіру көлемін көбейтеді. Күніне 1,5 миллион баррельге дейін өндірілетін болады.

Коммуналдық төлемдер қымбаттайды

Астанада жылу беретін «Астана-Теплотранзит» компаниясы жаңа тариф енгізеді. Бағалар әлі нақты жарияланған жоқ.

Көкшетау қаласында су және кәріз қызметі қымбаттайды:

3 текше метрге дейінгі су – 123,65 теңге (бұрын – 116,32 тг)

Ағын суды бұру – 120,74 теңге/м³

Ауылда тұратындарға жеңіл несие беріледі

Ауыл тұрғындары мен шағын қаладағыларға арналған жеңіл несие және техника лизингі беріледі. Бұл несие:

Шаруашылыққа

Ауыл өнімін өңдеуге

Кооператив құруға беріледі.

Импорт тауарға  – Жаңа салық ережесі

Май, ұн, жұмыртқа, арақ сынды 11 түрлі шетелден келетін тауарға ең төменгі бағасы бекітіледі. Соған қарай салық есептеледі.

Темекі бағасын да кезең-кезеңімен көтеру жоспарланып отыр. Қаржы министрлігі бұл ұсынысты қарап жатыр.

Баланың өкілі кім бола алады?

Заң бойынша енді балаға қамқор бола алатын адамдардың тізімі кеңейді. Бұрын тек ата-ана болса, енді:

Асырап алушылар

Қорғаншы, қамқоршы

Патронат немесе қабылдаушы тәрбиеші

Және заңмен рұқсат етілген басқа да адамдар балаға заңды өкіл бола алады

Ресей шекарасынан өту тәртібі қиындайды

30 маусымнан бастап Ресей шекарасынан өту үшін арнайы өтінішті кемінде 3 күн бұрын онлайн түрде толтыру керек.

Аса шұғыл жағдайларда (жақын туыс қайтыс болса, шұғыл ем қажет болса) өтінішті 4 сағат бұрын беруге рұқсат.

Бүкіл шекараларда саусақ ізін тапсыру және суретке түсу міндетті болады.

Жаңа әуе бағыттары

 

2 шілдеден бастап Петропавл қаласынан Египеттегі Шарм-эль-Шейхке тікелей ұшақ қатынайды.

Шымкент қаласынан:

Қытайдың Сиань қаласына – 2 шілдеден бастап (әр сәрсенбі және сенбі)

Үрімшіге – 4 шілдеден бастап (әр сейсенбі және жұма)

Футбол әлемі: Финал жақын

13 шілдеде АҚШ-тың Нью-Джерси штатында клубтар арасындағы футболдан әлем чемпионатының финалы өтеді. Оған әлемнің әр елінен 32 команда қатысады.