$ 518.37  609.97  6.6

Соңғы тиынға дейін сыпырып алған: телефон алаяқтары ақшаны қалай жымқырады

Алдымен олар адамның ақшасы қауіпте екеніне сендіреді, сосын сенімге кіріп, оны басқаруға көшеді.

Фото: kaspi.kz
Фото: kaspi.kz

Бүгінде телефон арқылы жасалатын алаяқтық туралы естімеген адам кемде-кем. Алайда, алаяқтар да қарап отырған жоқ. Олар өз схемаларын жетілдіріп, адамдарды сендіру үшін барын салуда. Соның салдарынан талай адам бар ақшасынан, тіпті несиеге алған қаражатынан да айырылып қалып жатыр. Бұл материалда алаяқтардың қандай әдіс қолданатынын және ақшаңызды қалай қорғауға болатынын түсіндіреміз.

Алаяқтар құрбандарына бірнеше мәрте қоңырау шалады. Әр жолы өзін түрлі ұйымның қызметкері ретінде таныстырады. Алдымен олар адамның ақшасы қауіпте екеніне сендіреді, сосын сенімге кіріп, оны басқаруға көшеді.

Бірінші қоңырау

Бұл – алаяқтық схеманың ең қысқа және қарапайым кезеңі. Алаяқ өзін коммуналдық қызметтің, мобильді оператордың немесе қандай да бір қызмет көрсетуші компанияның маманы ретінде таныстыруы мүмкін. Басты мақсаты – құрбанның телефонына келген SMS-кодты алдап сұрап алу. Алаяқ кодты алған соң бірден байланысын үзіп, қоңырауды тоқтатады. Бұл – психологиялық айла. Ол адамды “менің деректерімді біреу пайдаланып кетуі мүмкін” деген үрейге итермелейді.

Екінші қоңырау

Алаяқ бұл жолы өзін Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) қызметкерімін деп таныстырады. “Сіздің жеке деректеріңіз үшінші тұлғалардың қолына түсіп қалды” деп хабарлайды. “Мәселені құқық қорғау органдары шешіп жатыр” деп сендіреді. Негізгі мақсат – адамды шошыту және сабырмен ойлану қабілетін шектеу.

Үшінші қоңырау

Енді алаяқ “полиция өкілімін” деп хабарласады. Ол да жеке деректердің ұрланғанын айтып, “ақшаңызды қауіпсіз шотқа аудару керек” деп сендіруге тырысады. Бұл кезде алаяқтар “ешкімге айтпаңыз, бұл – құпия операция” деп тапсырады. Осы сәтте қорыққан адам алаяқтар айтқан “қауіпсіз шотқа” бүкіл жинағын аударып жібереді.

Төртінші қоңырау

Соңғы кезең – видеоқоңырау. Алаяқ қоңырау кезінде костюм киіп, фонына Қазақстан Республикасының елтаңбасы мен туын қойып, өзін Ұлттық банк не Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде көрсетеді. Ол “ақшаңыз қауіпсіз шотта жатыр” деп сендіреді. Бірақ жеке деректеріңіздің әлі де қауіпті екенін айтып, “банк сіздің атыңызға несие рәсімдеуі мүмкін” деген сылтаумен кредит алуға үгіттейді. Адам несие рәсімдеп, оны да “қауіпсіз шотқа” аударады. Бұл кезде құрбан бар ақшасынан айырылғанын түсінбей де қалады.

Соңында не болады?

“Қауіпсіз” немесе “сақтандыру” шоттары – ойдан шығарылған. Шын мәнінде, олар – алаяқтардың өз карталары. Адам өз қолымен ақша аударып, соның кесірінен қаржысынан түгелдей айырылады. Алаяқтар “ешкімге айтпаңыз” деп қатаң ескерту жасағанда, бұл – құрбанының сырттан көмек алу жолын әдейі жауып тастау. Себебі, жақындары араласса, алаяқтықты бірден әшкерелеуі мүмкін.

Не істеу керек?

Осы қарапайым ережелерді есте сақтаңыз – бұл өзіңізді қорғаудың ең тиімді жолы:

  • SMS-кодты ешқашан ешкімге айтпаңыз. Нағыз қызметкерлер ондай мәлімет сұрамайды.
  • “Сіздің деректеріңіз тарады” деген қоңырау түссе, сенбеңіз. Тұтқаны қойып, 1414 нөміріне өзіңіз хабарласып, ақпаратты нақтылаңыз.
  • Құқық қорғау органдары телефон арқылы ақша аударуды ешқашан сұрамайды. Олар сізді тек бөлімшеге шақырып, қажет болса жазбаша түсініктеме алады.
  • Нағыз полиция қызметкері “ешкімге айтпаңыз” деп ауызша талап қоймайды. Егер сіз құпия тергеудің қатысушысы болсаңыз, құпиялылық туралы қолхат бөлімшеде жазбаша түрде алынады.
  • “Зеркал” немесе “қауіпсіз шоттар” – жалған. Барлық банктік шоттар сіз өзіңіз ақша аудармайынша қауіпсіз.

Айтпақшы, Kaspi.kz компаниясы “Алаяқтарға қарсы” атты кампания аясында дәл осындай алаяқтық схемалар туралы видеоролик түсірді. Бұл видеоны өзіңіз де көріңіз.

Естеріңізге сала кетейік, Kaspi.kz қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің қолдауымен, ең жиі кездесетін алаяқтық әдістер жайлы бірнеше бейнеролик дайындап шықты. Жаңа видеолар әр екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми YouTube-арнасында жарияланады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары