03.07.2025, 02:30

«Бұрынғыдай емес»: Мұхтар Шахановтың қазіргі күйіне алаңдаған журналист ұсыныс айтты

Фото: facebook.com

Көзі тірісінде бюст, әлде ескерткіш орнатып, көңілін аулап қойса болғандай екен, қашанғы жүрер дейсің.

Журналист Асылхан Мамашұлы бүгін туған күнін атап өтіп жатқан ақын Мұхтар Шаханов жайлы жазба жариялады, деп хабарлады Skifnews.kz ақпарат порталы turkystan.kz-ке сілтеп. 

«Фейсбуктен Мұхтар Шахановтың суретін көріп отырмын (төменде тұр). Бұрынғыдай емес, қария баяулап қапты, бүгін 83-ке толыпты. 2022 жылы билік қандай оймен берсе де бұл кісіге “Қазақстанның Еңбек Ері” атағын дұрыс берді.  Көзі тірісінде бюст, әлде ескерткіш орнатып, көңілін аулап қойса болғандай екен, қашанғы жүрер дейсің. Қария қисайып қалса, екі тумас ерім-ай дейміз.  Анау ильиндер мен баландиндердің де атында сарай тұр емес пе?», - деді Асылхан Мамашұлы.

Сондай-ақ журналист ақынды азаматтық көрсеткен кісі деп бағалады.

«Әр адамның қайрат көрсетер, көзге түсер, елге зор пайдасы тиер сәті болады екен. Сол сәтте бұғып қалсаң – көптің бірісің. Мұхтар Шаханов, әсіресе 1987-90 жылдары айрықша қайрат көрсеткен адам. Сол кездегі қызметі докторлық  диссертация тақырыбына лайық. “Мұхтар көкем тамаша” деп құр желпіне бермей, дұрысы мен бұрысын салыстырып, объективті зерттеу шығарса, кім екені жарқырай түседі. Әлде ондай зерттеуді байқамай қалдым ба?  “Мен болмасам көрер едіңдер” деп ұрсатын сөзін есте ұстап, онша жақтырыңқырамай, сол қызметін асықпай, салыстырып қарап шықтым. Сөйтсем халыққа қызметі қадірленбеген соң, күйгеннен айтады екен ғой», - деп жазды автор.