03.07.2025, 15:40

Жаркент гарнизонында командирдің бұйрығымен сарбаздар офицерді өлтіріп тастаған

Фото: dauletten.kz

Олар офицердің аузын жауып, буындырып, спортқалашыққа сүйреп апарған.

Жаркент гарнизонында офицер көз жұмды. Айыпталушылар оны өлтіруді мақсат тұтпағандарын айтып, тек командир – майор Қазтайдың бұйрығын орындағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қайғылы оқиға 2024 жылдың 14 қарашасына қараған түні болды. 26 жастағы Дархан Дәулет бақылау тобының аға офицері ретінде нарядқа кірісуі тиіс еді. Ол аумақты аралап, тәртіпті қадағалауы керек болатын. Тергеу нұсқасына сәйкес, түнгі қарсы диверсиялық қауіпсіздік жаттығуларына тартылған мерзімді әскери қызметшілер оны шартты бұзушы деп қабылдап, ұстап алған. Олар офицердің аузын жауып, буындырып, спортқалашыққа сүйреп апарған. Сол жерде ес-түссіз күйде қалдырып кеткен. Ол табылғанда, тіршілік белгілері болмаған. Дәрігерлер өлімнің асфиксиядан (тұншығудан) болғанын анықтады.

Сот процесі кезінде белгілі болғандай, батальон командирі Дархан Қазтай бұл әрекетке ешқандай ресми жаттығусыз, бұйрықсыз, рұқсатсыз сарбаздарға өзі тапсырма берген. Оған билікті асыра пайдалану, адам өліміне әкеп соққан күш қолдану және қылмысқа қатысы бар деген айыптар тағылып отыр. Мемлекеттік айыптаушылар 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал үш мерзімді сарбазға 12–13 жыл аралығында жаза қаупі төніп тұр.