Бұл оқиға 2010 жылы шілде айының басында Елбасының резиденциясында өткен кездесуде орын алған.
Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 85 жылдық мерейтойына орай әлеуметтік желідегі парақшасында ерекше естелігін жария етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Sportinside.kz сілтеме жасап.
Бұл оқиға 2010 жылы шілде айының басында Елбасының резиденциясында өткен кездесуде орын алған. Жазба ақынның «Енді айтуға болады» атты кітабынан үзінді ретінде ұсынылған.
Мұхамеджан Тазабек өз жазбасында Астананың туған күні, Домбыра мерекесі және Елбасының 85 жасқа толғаны қатар келген ерекше күнге тоқталып, бұрынғы бір естелігін бөлісуге себеп болғанын айтты.
Ол 2010 жылы Елбасының қатысуымен өткен жиында қолына домбыра алып, ақындық шабытпен отырысты жырға бөлеген сәтін еске алды. Сол жолы Елбасы оны суырып салма айтысқа тартқан екен.
Алғашқы арнауын сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевқа арнаған ақын:
«Қанат боп, оң-солыңнан көтермелеп,
Осындай ұлдар жүрсін әр атадан!» – деп жырға қосып, кейін АҚШ-тағы елші қызметін атқарған кездегі қызықты жайттарды да өлеңге арқау еткен.
Тіпті Қанат Саудабаевтың АҚШ қорғаныс министрі Рамсфелдпен бірге аңшылыққа шыққаны туралы әңгімелерді әзіл-қалжыңмен жырға қосып, отырыс көрігін қыздырған. Бұған риза болған Саудабаев орнынан тұрып, шынайы әсерін жасыра алмаған.
Кейін кезек Аслан Мусинге ауысады. Ақын Елбасы Ақтөбеге барған сапарында болған бір оқиғаны еске ала отырып, Аслан Мусиннің ерлігі жайлы шумақтар арнаған. Елбасының тұлпары сүрінген сәтте Аслан Мусиннің жанталасып, оны жерге түсірмей аман алып қалғаны жайлы аңызға айналған сәттер де жыр өзегіне айналды.
Мұхамеджан Тазабек бұл кештің Елбасы тарапынан арнайы ұйымдастырылғанын меңзеп:
«Сол кешті ойлана жүріп орайластырып, белден баспай, жүздестіріп, жүзеге асырып жіберген – Елбасының бір даналығы шығар?!» – деп ойын түйіндеді.
Ақын жазбасын терең ойға құрылған қорытындымен аяқтайды. Оның айтуынша, Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалаған ірі тұлға. Оны бағалау – тарихтың еншісінде.
«Кеткен келер, кеміс толар. Су ағар, тас қалар. Бүгінгі таңда бар мен жоқтың, шын мен жалғанның шекарасы бұлыңғыр. Бірақ, тарих таразысы әділ!» – дейді ақын.
Тазабек Тоқаевтың Назарбаевқа жолдаған құттықтауын да жоғары бағалап:
«Бұл – алтын ортасы, әділ бағасы» – деп атап өтті.