$ 520.93  609.07  6.68

Қарағанды облысында 14 жастағы жасөспірім 36 жастағы ер адаммен бірге тұрған

Қыздың анасы сотта өзін ата-ана құқығынан айырмауды өтінді.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Қарағанды облысы Теміртау қаласында 14 жастағы жасөспірім қыздың анасын ата-ана құқығынан айыру туралы талап-арыз қаралды. Оның кәмелетке толмаған қызы 36 жастағы ер адаммен бірге тұрып келгені анықталды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы KAZ.NUR.KZ-ке сілтеп. 

Бұл туралы Қарағанды соттары Telegram-арнасында хабарлады.

"Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Теміртау қаласы білім беру бөлімінің азаматша Ч.-ға қатысты, 2010 жылы туған кәмелетке толмаған қызы А.-ға қатысты ата-ана құқығынан айыру және алимент өндіру туралы талап арызы қаралды. Талап арыз баланың өмір сүруіне, білім алуына қажетті тұрмыстық жағдайдың жоқтығы, жауапкердің қызының тәрбиесіне және күтіп-бағуға қатыспауына, жұмыс істемеуі, моральға жат өмір салтын ұстануы, ішімдікке салынуы, ата-аналық міндеттерін орындамауы, баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі, балаға ешқандай қызығушылық танытпауына негізделген. Соның салдарынан кәмелетке толмаған А. 14 жасынан бастап 36 жастағы ер адаммен бірге тұрған.

Жауапкер Ч. полиция басқармасында "баласының тәрбиесі мен оқуы бойынша міндеттерін орындамайтын, олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін ата-ана" ретінде есепте тұрады. Ол бірнеше рет ата-аналық міндеттерін орындамағаны, спирттік ішімдіктер ішкені, баланың түнгі уақытта заңды өкілінсіз үйден тыс жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған", - делінген хабарламада.

Сонымен бірге ведомствоның ақпаратына сай, жасөспірім 2025 жылғы 12 наурыздан бастап Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған және қазіргі уақытта сол жерде. Сотта қамқоршылық орган мен прокурор талап арызды қанағаттандыруды сұрады.

Қыздың анасы сотта өзін ата-ана құқығынан айырмауды өтінді. Кәмелетке толмаған А. да анасының ата-ана құқығынан айырылуына қарсы екенін айтты.

2025 жылғы 3 шілдеде сот шешімімен талап арыз қанағаттандырылды. Қыздың анасы ата-ана құқығынан айырылып, одан баланы асырауға алимент өндірілді. Жасөспірім қорғаншылық және қамқоршылық органының қамқорлығына берілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары