19.07.2025, 02:30

«Әкесі - полковник»: Ақтөбеде қаза тапқан курасант туралы тың дерек шықты

Фото: azattyq-ruhy.kz

Сонымен қатар, марқұмның бірнеше туысы да әскери салада еңбек етеді.

Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанты Бақыт Асарбаев 15 шілде күні оқу-жаттығу парашюттік секіруі кезінде көз жұмды,деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әскери институттың мәліметінше, алдын ала ақпарат бойынша, курсанттың парашюті ашылмаған. Қазіргі уақытта осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Telegram-арна Halyqstan-ның хабарлауынша, Бақыт Асарбаев биыл тамыз айында 19 жасқа толуы тиіс еді. Ол әскери институттың екінші курсында білім алып жатқан. Курсант әскери отбасында тәрбиеленген: әкесі — Астанадағы әскери бөлімдердің бірінде полковник шенінде қызмет етеді. Сонымен қатар, марқұмның бірнеше туысы да әскери салада еңбек етеді.

Қорғаныс министрлігі Бақыт Асарбаевтың денесін елордаға жеткізуді өз мойнына алды және марқұмның отбасына қажетті қолдаулар көрсетілетінін мәлімдеді. Қорғаныс министрі Дәурен Косанов қаза тапқан курсанттың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Айта кетейік, осыған дейін Астанадағы авиациялық базада тағы бір әскери қызметкер ауыр жарақат алғаны хабарланған. Бұл оқиға қарумен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларының сақталмауы салдарынан болғанын ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің баспасөз қызметі растады.