Бұл туралы ведомство ресми мәлімдеді.
Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті халыққа арнайы орындардан ғана және ветеринариялық құжаттары бар киік етін сатып алуға кеңес берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Комитеттің мәліметінше, киік етін рұқсатсыз, құжатсыз сатып алу адамды аса қауіпті ауруларға — сібір жарасы, бруцеллез, аусыл және басқа да індеттерге ұшыратуы мүмкін. «Тұтынушыларға киік етін тек арнайы белгіленген сауда нүктелерінен және ветеринариялық анықтамасы бар жағдайда ғана сатып алуға кеңес береміз», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазір киіктердің санын реттеу жұмыстарына алты облыстағы 24 арнайы сою алаңы тартылған. Барлық ұшалар тоңазытқыштарда сақталып, ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтеді. Әр ұша мұқият тексеріліп, барлық зерттеулер жасалады. Қауіпсіз деп танылған ет қана саудаға жіберіледі.
«Қауіпсіздік талаптарын сақтамай, бейберекет сатып алынған ет денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан азаматтарды жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», — деді комитет өкілдері.
Заң бойынша да ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз жануар өнімдерін сату қатаң тыйым салынған. Ведомство дерегінше, киік етінің шығу тегі мен сапасы міндетті түрде құжатпен расталады.
Жауапты орган халықты кез келген күмәнді өнімнен аулақ болуға және тексерілген етті ғана тұтынуға шақырып отыр.