33 жастағы Роджер Мбала биыл наурызда ұсталды.
Шымкентте Камеруннан келген бұрынғы футболшы аса ірі көлемде есірткі сақтап, сатпақ болғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
33 жастағы Роджер Мбала биыл наурызда ұсталды. Тергеу дерегінше, ол қораптағы жылытқыштың ішіне жасырылған 1,3 келі психотроптық затты Шымкентке жеткізген. Полицейлер оның пәтерінен есірткіні буып-түюге арналған таразы, зип-пакеттер және басқа да құралдар тапқан.
Мбала сотта кінәсін мойындамады. Айтуынша, ол тек курьер болып жұмыс істеген және қораптың ішінде не барын білмеген.
Ол Қазақстанға бес жыл бұрын футбол клубына шақыртумен келген, бірақ жарақат алып, ойыннан шығып қалған. Ақша таппай, визасы да жарамсыз болып, кейін Telegram-нан жұмыс іздеп тапқанын айтты.
Судья Ахат Есенов:
— Қораптағы жылытқыштың ішінен 1 келі 346 грамм есірткі табылды. Пәтерінен таразы мен басқа да заттар тәркіленді. Бұл оның есірткі сатуға ниеті болғанын дәлелдейді, — деді.
Роджер өзін Камерунға экстрадициялауды сұрағанымен, сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.