20.07.2025, 02:30

«Қазақтың рухы сезіледі»: «Адай» күйін шерткен қазақ жігіті шетелдіктерді таңдай қақтырды (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

«Адай» күйі — мен үшін қазақтың гимні іспетті. 

“Домбыра тіл қатқанда, жүректер үн қатады”: Адай күйі шекарадан асып, қазақ өнері әлемді баурады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Алматы әуежайында күй шерткен домбырашы Бексұлтан Бақыт өз өнерімен кәріс көрермендердің жүрегін жаулады. Өнертану магистрі, халықаралық байқаулардың лауреаты Бексұлтан көпшілік алдында «Адай» күйін орындап, ұлттық өнерді шетелдік жолаушыларға паш етті. 18 жылдан бері домбыраны серік еткен шебер «Адай» күйін қазақ рухының белгісі деп санайды. Күйдің алдында ол кәрістерге ұлттық бұйымдар көрсетіп, күйдің шығу тарихын қысқаша баяндаған. Тыңдармандар ұлттық аспапқа қызығып, Бексұлтанның өнерін видеоға түсіріп жатты. — «Адай» күйі — мен үшін қазақтың гимні іспетті. Қайда болсам да, алдымен осы күйді шертемін. Ол арқылы бүкіл қазақтың өр рухы сезіледі, — дейді Бексұлтан Бақыт. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде танытудың маңызын бірнеше рет атап өткен. Бексұлтан секілді өнерпаздар осы сөздің тірі мысалы. Олар қара домбыра арқылы Қазақстанның рухын шекара асырып отыр.