Ата-аналар бұл туралы Білім министрлігінен алған ресми жауаптан білген.
Алматыда ерекше күтімді қажет ететін балалардың аналары тағы да дабыл қағып отыр. Олар балалары білім алып, оңалтудан өтіп жүрген Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту ұлттық орталығын Астанаға көшірмек деген хабарға наразы, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. Ата-аналар бұл туралы Білім министрлігінен алған ресми жауаптан білген. Ведомство: «трансформация аясында орталықты Астанаға көшіру жоспарланып отыр, ал Алматыда тек эксперименттік алаңдар ғана қалады» деп жазған. Бірақ сол алаңдардың қалай жұмыс істейтіні белгісіз. Бір өкініштісі, мамырдан бастап орталықтағы күндізгі топтар жабылып, тек қысқамерзімді топтар ғана қалды. Штаттан аспаз, кір жуушы сияқты қызметкерлер қысқартылып, балалар бұрынғыдай тамақтанып, күндіз ұйықтай алмай қалған. Ресми себеп ретінде орталық басшылығы Алматыдағы ғимараттың апатты екенін айтқан. Алайда ата-аналар бұған сенбей, қала әкімдігінің құрылыс бақылау басқармасына сұрау жіберген. Келген жауапта: «2021 жылы техникалық тексеру жүргізілген, ғимарат пайдалануға жарамды, апатты емес, тек күрделі жөндеу қажет» деп көрсетілген. Бірақ биылғы бюджетте жөндеуге қаржы қарастырылмаған. — Бұл орталық көшсе — жабылғанмен тең. Алматыда жері министрліктің меншігінде тұр. Ал Астанада ғимарат жоқ, жалға алуға тура келеді. Біз өзіміз демеушілер тауып, жөндеу жасайық десек те, мүмкіндік бермей отыр, — дейді ерекше баланың анасы Гүлбаршын Сатпаева. Оның айтуынша, ұлы тек осы орталықта ғана алға жылжыған. Соңғы үш жылда Алматыда мұндай диагнозбен тіркелген балалар саны үш есеге артқан. Егер орталық көшсе, оларды қабылдайтын орын болмайды. HALYQSTAN тілшісі ата-аналармен бірге ғимаратты барып көрді: апатты деуге келмейді, тек жылыту жүйесі мен косметикалық жөндеу керек. — Бұл орталық жабылса, тәжірибелі мамандар Астанаға бармайды, жекеменшік орталықтарға кетеді. Ал 25 жылдық тарихы бар мекеме жермен-жексен болып, орнына тағы да биік «человейник» салынады, — дейді ата-аналар. Ең сорақысы, бір ай бұрын министр Ғани Бейсембаев: «Көшірілмейді» деп уәде берген еді.