25.07.2025, 23:30

Жаңа туған сәбиін пойыздан лақтырған әйел мәжбүрлі емдеуге жіберілді

Фото: depositphotos.com

Бұл туралы Көліктегі бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазақстанда жаңа туған сәбиін жүріп бара жатқан пойыздан лақтырған әйел психиатриялық емдеу мекемесіне мәжбүрлі түрде жатқызылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Көліктегі бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Қарағанды облысы Осакаров ауданының соты әйелді қоғамдық қауіпті әрекет жасаған сәтте есі дұрыс емес деп танып, оны арнайы медициналық мекемеде мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы шешім қабылдады», – делінген жұма күні таратылған хабарламада.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 20 сәуірде «Қарағанды-Сұрыптау-Сарыбел» бағытындағы жолаушылар пойызында болған.

«Пойыз жолаушыларының бірі толғақ қысып, баласын вагонның санитарлық бөлмесінде босанып қояды. Босану медициналық мекемеден тыс және қажетті көмексіз өткен. Тергеу барысында әйелдің психикалық сырқатқа шалдыққаны және дертінің асқынған сәтінде жаңа туған сәбиін санитарлық қалдық құбырына тастағаны анықталды. Нәтижесінде сәби теміржол үстіне құлап, өмірмен сыйыспайтын жарақаттар алған», – деп нақтылады қадағалау органы.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.