Олар іздеуді түнде де жалғастыруды талап етті.
25 шілдеде Алматы облысында жоғалып кеткен әскери EC-145 тікұшағының экипаж мүшелерінің туыстары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Қорғаныс министріне және ТЖМ басшысына үндеу жасап, іздестіру операциясын жеке бақылауға алуды сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Оқиғаға бей-жай қарамауыңызды өтінеміз. Үш экипаж мүшесін жақындары күтіп отыр. Олардың аман-есен табылатынына үміттіміз», – делінген үндеуде.
Туыстарының айтуынша, алғашқы тәулік Отар маңында «мағынасыз іздеумен» өткенімен, нақты жұмыс тек келесі күні – Сорбұлақ көлі маңында басталған.
«Мүмкін олар жараланған күйде көмек күтуде. Қазір біз өз күшімізбен – туыстар, достар және еріктілермен бірге іздеп жатырмыз. Іздестіруді күшейтіп, түнгі уақытта да техника тартуды сұраймыз. Әр минут маңызды».
Syrmedia.kz мәліметінше, экипаж мүшелері – Амангелді Аман, Ержігітов Бахтияр және Үйсінбаев Нұржігіт.
Бұған дейін ТЖМ жоғалған тікұшақтың бөлшектері Сорбұлақ көлінен табылғанын хабарлаған еді. Оларды жерсеріктік бақылау арқылы май дағының ізімен анықтаған. Қазіргі таңда іздестіру жалғасып жатыр: 200-ден астам адам, 40 техника, дрондар, эхолоттар және жүзу құралдары жұмылдырылған.