Бұл жағдай Қарағанды облысында вагондардың рельстен шығып кету оқиғасынан кейін орын алған.
Әлеуметтік желіде «Қазақстан теміржолы – жүк тасымалы» ЖШС локомотив шаруашылығы жөніндегі бас директорының орынбасары Асан Үмбетовтің қатқыл сөздермен сөйлеген видеосы кең таралды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл жағдай Қарағанды облысында вагондардың рельстен шығып кету оқиғасынан кейін орын алған. Үмбетов теміржолшыларға қатаң ескерту жасап, есеп талап еткен. Оның айтуынша, 18 вагон рельстен шығып кеткеніне қарамастан, оларды келесі станцияға дейін сүйреп апарған.
«Көз алдыңа елестетші, станцияларда, рельс ауыстыратын тұстарда вагондар аударылып жатыр. Сонда ғана тоқтаған. Бұл барып тұрған масқара! 13 шақырым бойы рельстен шығып кеткен вагондарды сүйреп барған. Бұл не сұмдық?! Қалай сөйлесу керек сендермен?! (…) Мақсат дегенің сол вагондарды тоқтаусыз сүйрей берген. Қарағанды, ұят болды! Бір пойыз – бір оқиға, екінші пойыз – тағы бір оқиға. Шыдамың таусылады. 770 вагон екі сағат бойы қарап тұрған. Осындай тәртіпсіздік бола ма?! Пойыз жылдамдығы төмендесе, машинист тежегіш іске қосылды ма, жоқ па – соны түсінуі керек қой», – деді ол ашулы үнмен.
Бұл видео қоғамда қызу пікірталас туғызды. Бір жағынан, видеода дөрекі сөздер айтылғаны байқалады. Бірақ кейбір желі қолданушылары мұны орынсыз әрекет емес, керісінше, кәсіби әрі шынайы реакция деп бағалауда. Олар Асан Үмбетовтің өз ісіне адал, жауапкершілікті басшы екенін айтып, мұндай талапшыл мамандардың жүйеде тәртіп орнататынын алға тартты. Оның оқиға орнына барып, нақты талап қоюын – басшының біліктілігі мен жанашырлығының дәлелі деп есептейді. Ал «Қазақстан темір жолы» компаниясының баспасөз қызметі қызмет этикасы мен жауапкершілікті компания мәдениетінің маңызды бөлігі екенін атап өтті. Асан Үмбетовпен әдеп кодексіне қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Сонымен қатар, компания бұл жағдайды теміржол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірген қызметкер тарапынан кеткен өрескел бұзушылықпен байланыстырды.
«Мұндай жағдайлар – сала тұрақтылығына қауіп төндіреді. Әр қызметкердің жеке жауапкершілігісіз бұл жүйе дұрыс жұмыс істемейді», – делінген ресми мәлімдемеде.