Алматыда біртіндеп смарт-қала үлгісі енгізіліп, жаңа қызметтер мен сервистер іске қосылып жатыр.
Соңғы жылдары Алматы Орталық Азиядағы туризм орталығына айналуда. 2024 жылы қалаға 2,3 миллионнан астам турист келген, ал қалалық әкімдік пен министрлік бұл көрсеткішті жыл сайын арттыру үшін ауқымды жобаларды қолға алуда. Туристік экожүйені дамытуда басты басымдық – инфрақұрылымды жаңғырту мен цифрландыру. Алматыда біртіндеп смарт-қала үлгісі енгізіліп, жаңа қызметтер мен сервистер іске қосылып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Барлығы бір қолданбада: цифрлық шешімдер
2024 жылдың өзінде Алматы әкімдігі қала қонақтарына арналған бірегей мобильді қосымша әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Бұл қосымша арқылы туристер қонақүй брондай алады, трансферге тапсырыс береді, экскурсияларды қарайды және тіпті такси жүргізушілеріне немесе қызмет сапасына онлайн шағым түсіре алады. Бұған қоса, «TravelStan» атты жаңа GovTech-платформа іске қосылады. Бұл цифрлық экожүйе туризмді толықтай цифрландыруды көздейді.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, «Е-Шағым» жүйесі арқылы туристер сапасыз қызмет жайлы бірден хабар бере алады. Мақсат – Алматыны қауіпсіз, ыңғайлы және заманауи туристік орталыққа айналдыру.
Көлік және инфрақұрылым
Алматыда жаяу жүргіншілер аймақтары, веложолдар мен демалыс орындары белсенді жаңартылып жатыр. Қаланың негізгі көшелерінде туристік бағыттар мен QR-кодпен жабдықталған ақпараттық стендтер орнатылады. Сонымен қатар, метроның үшінші желісін ұзарту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Бұл жоба аясында Алатау ауданынан «Мизам» базарына дейін және одан әрі «Сайранға» дейін жаңа станциялар салу жоспарланып отыр.
Авиақатынас саласында да өзгерістер бар: 2025 жылға дейін Токио, Нью-Йорк, Шанхай және тағы 30-дан астам бағытқа жаңа халықаралық рейстер ашу көзделуде. Бұл Алматының жаһандық туристік нарықпен байланысын нығайтады.
Алматыға алғаш рет саяхаттап келген Омандық қонақ Халид Алхади өз ойын білдірді.
«Жалпы Қазақстанға келем дегеннен алдын-ала маршрут құра бастадым. Қаланың көрікті жерлерін ғаламтордан қарап, сонымен қатар осындағы достарымнан да сұрастыра бастадым. Мен ойлағаннан да керемет әсер қалдырды. Бұл менің Қазақстанға ғана емес Орта Азияға алғашқы саяхатым. Нақты айтар болсам, Шымбұлақтың табиғаты ерекше әсер қалдырды. Ыстық жақтан келген маған, таудың салқындығы жолдағы шаршауымды ұмыттырып жіберді. Бірақ мен қар көргім келген, өкінішке қарай күннің ыстығынан ба бәрі еріп кетіпті. Сондай-ақ, алматылық достарым үйіне қонаққа шақырып, жылқының етінен алғаш рет дәм таттым, бешбармақты жеп көрдім, қымыз іштім. Қысқаша айтқанда Алматыда өзімді сондай бақытты сезіндім. Келесі жолы Астанаға, Бурабайға және Қатон-қарағайға барып көргім келеді. Келер жылы отбасыммен тағы бір рет келу жоспарда бар», - деді Халид.
Алматының табиғаты шеттен келген қонақты таңдандырмай қоймасы анық. Өйткені саф ауасы, ғажап табиғаты әр адамға қуаныш сыйлай алады.
Қонақүйлер мен жаңа форматтар
Алматы туристік бюросы туристер мен қала тұрғындарын мегаполистің ең дәмді, атмосфералық және мәдени жағынан бай бұрыштары арқылы аспаздық саяхатқа баруға шақыратын жаңа гастро-гид – басылымды ұсынды.
Нұсқаулық жеті тақырыптық бағытты қамтиды, олардың әрқайсысы қаланың гастрономиялық сахнасының әртүрлілігін көрсетеді және Алматыға бірегей перспективаны ұсынады - тағам, мәдениет және көрнекі тәжірибе арқылы.
Алдағы екі жылда Алматыда 339,5 млрд теңгеге 30 жаңа қонақүй, сондай-ақ 125 млрд теңгеге 29 туристік инфрақұрылым нысаны салынады. 2024 жылдың өзінде жеке инвестициялар есебінен 25 жаңа туристік нысан пайдалануға берілді: қонақүйлер, глэмпингтер, хостелдер мен этноүйлер.
Туристік тәжірибені жаңғырту мақсатында қалада Almaty Bar Shift сынды халықаралық фестивальдер өткізіліп жатыр, ал тау кластерінде заманауи глэмпингтер мен этноауылдар құрылуда – бұл барлығы «Алатау аманаты» жобасының аясында жүзеге асуда.
Тау туризмі мен экожобалар
Алматының тау кластерін дамыту стратегиялық бағытқа айналды. Үкіметтің мақұлдауымен Тұйықсу, Тұрар, Каскелен бағыттарында 1200 км-ден астам жаңа туристік бағыттар жасалып жатыр. Сонымен қатар, визит-орталықтар, бақылау алаңдары, кемпингтер және этноауылдар сияқты 24 инфрақұрылым нысаны бой көтермек.
Ұлттық парктерде 137 туристік маршрут пен 50-ден астам экотропа ресми түрде тіркелген. Бұл бағыттарды цифрлық карталармен, арнайы мобильді қосымшалармен жабдықтау да жоспарланған. Яғни, табиғатты тамашалағысы келетін туристерге барлық жағдай жасалмақ.
Қауіпсіздік пен қызмет сапасы
Алматыда туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Аэропорттар мен вокзалдарда QR-коды бар туристік парақшалар таратылып жатыр. Онда төтенше жағдайлар байланысы, миграциялық ережелер, навигация мен негізгі қосымшалар сілтемелері көрсетілген. Қалалық полиция құрамында туристік бөлімшелер құрылып, ағылшын тілін меңгерген мамандар жұмылдырылады.
Сондай-ақ, омандық Халид Алматының қауіпсіздігіне таңданысын білдірді.
Оның айтуынша, шаһарда қай уақытта жүрсең де, өз еліңде жүргендей сезім қалдырған. Ешкім-ешкіммен шаруасы жоқ, бөтен адам деп тиісу атымен жоқ.
Сонымен қатар «Tax Free» жүйесі енгізіліп жатыр, ол шетелдік туристерге салықты қайтаруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жақын арада «туристік QR-паспорт» іске қосылады – бұл цифрлық құжат қаладағы барлық туристік сервистерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Қорытындылай келе, Алматы туризмді дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты: бұл – тек жол, қонақүй, немесе интернет емес, бұл – тұтас цифрлық инфрақұрылым мен халықаралық деңгейдегі сервис. Жақын болашақта Алматы туристер үшін қауіпсіз, ыңғайлы және озық технологиялармен қамтылған қалаға айналмақ.