02.08.2025, 12:30

«Өлген баламды жерлейтін орын таппадым»: Қара «маскадағы» жігіт 5 балалы анаға пәтер сыйлады (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Пәтерақыны төлей алмай, далада қалған кезім болды. 

«Маскадағы адам» лақап атымен танымал қайырымды жан Айнәзік есімді жалғызбасты анаға үй сыйлады. Ол бес қызын жалғыз өзі бағып-қағып келген. Бұған дейін отбасы жалдамалы пәтерде тұрып, күнделікті табысы тек күнкөріске ғана жеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Айнәзіктің айтуынша, үлкен қызы — 17 жаста. Ол көшеде бір топ ер адамның зорлығына ұшыраған. Осы жағдайдан кейін психологиялық күйзеліске түсіп, бөлмесінен шықпай қойған. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр.

Ортаншы қызы аутизм диагнозымен туған, көру қабілеті мүлде жоқ. Балаға қарайтын ешкім болмағандықтан, Айнәзік оны беліне байлап, күнделікті өзімен бірге жұмысқа алып жүреді. Күндізгі жұмысынан кейін кешке кафеде еден жуады.

«Бір кездері пәтерақыны төлей алмай, далада түнеуге мәжбүр болдым. Қолымда ауыратын балам бар еді, жүрегінде ақау болды. Сол кезде шетінеп кетті. Бұл — өмірімдегі ең ауыр сәт болды. Баламды жерлейтін жер таппай қатты қиналдым. Күн ыстық, мәйітті қайда қоярымды білмедім», — деп көзіне жас алды ана.

Қайырымдылық жобасының ұйымдастырушылары отбасыға пәтер алып бергенін және болашақта қор тарапынан жеке кәсіп ашуға қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.