Алматыда жанармай тапшы. Қалада АИ-92 маркалы бензиннің сатылымына шектеу қойылды. Үкімет баға тұрақты деп сендіріп келгенмен, айтылған уәденің орындалмайтын түрі бар, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.
Елімізге жанармайдың 40 пайызы Ресейден тасымалданады. Көпшілік кезекті бағаны көтерудегі кезекті құбылыс десе, Қазақстан жанармай қауымдастығы ішкі сұранысты қамтуы тиіс министрлікті кінәлайды. Айтуларынша, жауапты мекемелер Ресейден жоспар бойынша жеткізілетін жанармайды толық тасуға күші жетпей отыр.
— Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Мұнай және Газ министрлігінің бұйрығымен Ресейден мұнай өнімдерін жеткізуші болып анықталған «Қазмұнайгазөнімдері» ЖШС-і бөлшек сауда етушілердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге шамасы жетпей отыр, — деді Қазақстан жанармай қауымдастығының заңгерi Жақсылық Жанқалов.
Статистикаға сүйенсек, елімізде жылдық тұтыну 4 миллион 168 мың тоннаны қамтиды. Оның 2 миллион 885 мың тоннасы республикадағы үш зауытта өндірілсе, 1 миллион 69 мыңы Ресейден тасымалданады. Бұл тонналар толық іске асқанның өзінде жоғарыдағы 4 миллионға толмайды. Сырттан келетін көтерме баға біздегі бөлшек саудадан асып кеткен. Яғни, Ресей өзіндегі қымбат бағаны алысқа тасымалдап, әрі арзанға сатқысы келмейді деген болжам да бар.
— Біз қазір шаралар қабылдап жатырмыз Маңғыстаудағы мұнай базаларын толыққанды қамту үшін. Ол жақта 92 маркалы бензин көлемі төмен. Біздегі мәлімет бойынша Маңғыстауда 1800 тонна 92 маркалы бензин қалған. Тапшылықтың туындауы ол сұраныстың артуына байланысты маркетолгтар мен трейдерлердің дайын болмауы себеп, — деді Энергетика министрлігі Мұнай саласын дамыту департаментiнiң директоры Қуандық Қалмұрзин.