Абдрахманов бұған дейін талай адамға көмек көрсеткенін, бірақ қазір өзіне қолдау қажет екенін айтты.
Актөбеде танымал құқық қорғаушы Сырым Абдрахманов көпшілікті дүр сілкіндірген мәлімдеме жасады. Ол Facebook желісінде жариялаған бейнеүндеуінде бұрынғы қайын атасын 6 жасар қызына азғындық жасады деп айыптады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Абдрахмановтың айтуынша, бүлдіршін әуелі бұл туралы әжесіне (яғни, құқық қорғаушының анасына) айтып берген. Кейін ересектердің полицияға жүгінуінен соң, ол сол сөзін тәртіп сақшыларына да қайталаған. Бұл жауаптар ювеналды полиция қызметкерлерінің бейнетіркеуішіне жазылған. Қазіргі таңда бұрынғы қайын атасы ҚР ҚК 124-бабы 1-бөлігі («Күш қолданбай, он алты жасқа толмаған адамды азғындық жолға түсіру») бойынша күдікті ретінде тергеліп жатыр. Алайда Абдрахманов күдіктінің әлі де бостандықта жүргеніне және қызының сонымен бір үйде тұрып жатқанына ашулы. — Ол жерде түнейді, бірге болады. Қызының анасы жұмыста, ал қыз үнемі күдіктінің қасында. Мұндайды естідіңіздер ме?! — дейді ол. — Өзім заңгер бола тұра, мұның менің басымда, менің қызымда болып жатқанына сене алар емеспін. Құқық қорғаушы бұл істі жеке бақылауға алуды сұрап, Бас прокурорға, Ішкі істер министріне, Оқу-ағарту министріне және Бала құқықтары жөніндегі уәкілге ресми үндеу жолдады. Полиция әзірге әлеуметтік желіде тараған бұл айыптауларға пікір білдірген жоқ.
Абдрахманов бұған дейін талай адамға көмек көрсеткенін, бірақ қазір өзіне қолдау қажет екенін айтты.