06.08.2025, 16:35

«Әйелің жезөкше болады!»: Берденовті атқан күдікті сұмдық жайтты жария етті

Фото: contur.kz

"Қамаймын. Әйелің жезөкше болады, балаң жетім қалады".

Шымкент қалалық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атқан деген күдікпен қамауға алынған "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-нің бұрынғы директоры Ернар Жиембайдан жауап алу жалғасуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпара порталы Kursiv.media сілтеме жасап. 

Бұған дейін Жиембай Берденовпен алғашқы кездесуі қалай өткенін баяндаған болатын. Оның айтуынша, кездесу барысында шенеунік оны кемсітіп, ар-намысына тиетін ауыр сөздер айтқан.

«Сенің түрің қандай өзі? Шашың түсіп қалған. Қайдан келгенсің?» деді. Жағдайымды түсіндіргім келген, бірақ сөзімді бөлді. «Жұмыста осылай киінесіңдер ме?» деп тағы тисе кетті. Мен жауап бермек болсам, сөзімді бөліп, балағаттай бастады. Ақыры кабинетінен шығып кеттім, — деді Жиембай.

Оның сөзінше, сыртқа шыққаннан кейін Берденовтің көмекшісі оны қайта кіргізіп, бюджет бойынша жұмыс жайлы баяндауға мүмкіндік бермек болады. Алайда Жиембай сөзін бастап үлгермей, Берденов қайтадан келеке еткен.

«Сен мылқаусың ба, отыршы!» деді. Мен «Жеке басыма өтпесеңізші» дедім. Ол «Арыз жаза сал» деп жауап берді. «Кетем» десем, балағаттап, «шығып кет» деді. Артынша қалалық құрылыс басқармасынан адамдар хабарласып, «Берденов сені соттатамын» деп жатыр деп жеткізді, — деді сотталушы.

Жиембай бұл сәлемдемені бірнеше адамнан естігенін, кейін Берденовпен тағы кездесудің амалын іздегенін айтты. Оның айтуынша, шенеунік айналасындағыларға: «Ол маған мінез көрсетті, енді мүмкіндік жоқ, соттатамын» деп айтқан.

«Ештеңе істемеген болсам да, тағдырымды сындырып тастамақ болды. Екі апта күйзелісте жүрдім. Кейін тағы кабинетіне бардым. Ол «Сен арыз жазбаймын деп жатыр екенсің ғой. Қамаймын. Әйелің жезөкше болады, балаң жетім қалады. Саған сол керек пе?» деді. Үндемедім, бірақ қатты ашуландым, — деді Жиембай.

Кейін ол шенеунікке өз жағдайын айтып, отбасындағы қиындықтарын жеткізген. Әкесінің онкологиямен ауыратынын, әпкесінің 4 баласымен жалғыз қалғанын, тұңғыш баласының ерекше күтімді қажет ететінін ескертіп, ар-намысына тимеуді өтінген.

«1 айда арызыңды жаз. Әйеліңе қ..- ғың тұрмайды» дегенде, өзімді өте төмен сезіндім. Ашудан өлгім келді. Сол сөздер шектен шықты. Кейін әйеліммен де ұрысып қалдық. Ол маған: «Мен белсенді, бұлшық етті, болашағы бар еркекпен болғым келеді» деді. Бұл сөз еркектік намысыма тиді. «Кімді айтып тұрсың?» десем, «Руслан Берденов» деді, — деп баяндады күдікті.

Осы оқиғадан кейін Жиембай сол күні әйелімен ажырасуға сотқа арыз берген. Әйелі қарсы болмаған.

Еске салайық, 2024 жылғы 21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл жасалып, күдікті Ернар Жиембай оқиға орнында ұсталған болатын.

Қазіргі таңда Ернар Жиембай Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») және 24-бабы 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») бойынша сотқа тартылуда.