Барлық бағдарлама мен бағыт бойынша жалпы конкурс бір орынға 4 адамнан келген.
7 тамыз күні Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ақорда мәліметінше, бұл жолы "Болашақ" халықаралық стипендиясын алуға үміткерлер саны айтарлықтай артқан. Барлық бағдарлама мен бағыт бойынша жалпы конкурс бір орынға 4 адамнан келген.
"Биыл бұл — жаңа ережелер бойынша өткізілген стипендия беру конкурсының екінші кезеңі. Үміткерлер үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтті: кешенді тестілеу, әңгімелесу және Республикалық комиссияның жоғары ұпай жинаған үміткерлерді таңдап алуы", - делінген хабарламада.
Стипендия алуға жалпы 981 адам өтініш берген. Оның ішінде 916 адам бірінші кезеңнен, 659 адам екінші кезеңнен өтті, ал үшінші кезеңде 217 үміткер жеңімпаз деп танылды.
Отырыс барысында Республикалық комиссия 217 қазақстандыққа “Болашақ” халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдады.
Олардың ішінде:
Стипендиаттардың 67,7 пайызы жаратылыстану-техникалық бағыттарда, 32,3 пайызы қоғамдық-гуманитарлық салада білім алады.
Сонымен қатар, комиссия ғылыми тағылымдамадан өтуге арналған байқау қорытындыларын да қарастырды. Бұл бағыт бойынша 165 өтініш қабылданып, үш деңгейлі іріктеу нәтижесінде 68 қазақстандыққа ғылыми тағылымдама стипендиясы тағайындалды. Олар әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында білім алады.
Отырыстың қорытындысы бойынша Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин "Болашақ" халықаралық стипендиясын әрі қарай жетілдіру және тиімді жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.