$ 539.49  627.7  6.75

«Жасы 32-де ғана еді»: Сорбұлақтағы тікұшақ апатынан көз жұмған майорды туғандары ақтық сапарға шығарып салды

Ол – отбасының тірегі, елінің ертеңіне үміт болған азамат еді.

Фото: Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

25 шілде күні Алматы облысында жоғалып кеткен әскери тікұшақтың бірнеше бөлігі Сорбұлақ маңынан табылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

9 тамызда Қорғаныс, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктерінің бірлескен жұмысы және «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-тың қолдауы арқасында спутниктік деректер мен математикалық есептеулер негізінде су түбінен 14 метр тереңдіктен тікұшақтың бөлшектері мен экипаж мүшелерінің бірі анықталды. Кейін тағы бір әскеридің денесі судан шығарылды. Солардың бірі – Павлодар облысының тумасы, майор Бахтияр Ержігітов.

Бахтияр Ақтөбедегі әскери училищені, Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтты тәмамдап, Семей мен Жетігенде қызмет еткен. Ол борт инженері қызметінен майор шеніне дейін көтерілген.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов:

«Бүгін Шарбақты ауданы, Шалдай ауылынан шыққан жерлесіміз Бахтияр Ержігітовті туған-туыстары мен жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Ол – отбасының тірегі, елінің ертеңіне үміт болған азамат еді. Жасы небәрі 32-де еді. Осы қысқа ғұмыр ерлік пен адалдыққа толы болды. Ертіс-Баян жұртшылығы атынан жары Раушанға, балалары Ахмад пен Айлинге, ата-анасына қайғырып көңіл айтамыз», — деді.

Әзірге экипаждың үшінші мүшесіне қатысты ақпарат жоқ. Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев іздеу жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сорбұлақ су қоймасының тереңдігі 5-тен 25 метрге дейін жетеді. Бұл – техногенді сарқынды су қоймасы, Алматының кәріз жүйесінен лас су жиналатын орын болғандықтан, іздеу жұмыстары күрделі жағдайда жүзеге асуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары