15.08.2025, 18:40

«Келме, шеше*!»: Желіде әйеліне қорлық сөздер айтқан ер адамның хаты көпшілікті шошытты

Фото: коллаж Sn.kz

Ер адам әйелін төркініне барғысы келгені үшін балағаттаған.

Қазақстанда тағы бір тұрмыстық зорлық оқиғасы жұрттың ашу-ызасын туғызды. Әлеуметтік желіде жас ананың күйеуінен алған балағатқа толы хаттары жарияланды. Оқиға көпшіліктің төзімін тауысты – жұрт әйелге араша сұрап, ер адамды жазалауды талап етуде, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жас ананың айтуынша, ол босанғанына біраз уақыт өткен соң, алғаш рет төркініне бір күнге қонып бармақ болған. Мақсаты – нағашыларына немересін көрсетіп, өзі де бір демалып қайту. Алайда күйеуі бұл ойына қарсы болып, телефон арқылы боқтық сөздермен балағаттап, қорлай бастаған.

Скриншоттарда ер адамның:

– «Келме, шешең!»,

– «Топас»,

– «Ой ми жоқ қатын»,

– «Бір күн қондың жетпей ме?»,

– «Енді х** барасың»*,

– «Барасың – келмейтіндей болып кет»,

– «Менің үйім ұнамаса маңайын баспа»,

– «Мені қарық қылмассың мына түріңмен» – деп жазғаны анық көрінеді.

Тіпті ол әйелінің ата-анасын да кемсітіп: «Миы бар адам ата-енесінен ұялады, сен шешеңде жатсың» деп, ар-намысына тиді.

Әйелдің жан айқайы

Жас ана желідегі жазбасында:

“Ол тез ашуланып, ойына келгенін айтады. Кінәсін ешқашан мойындамайды. Бір жылдан бері осындай сөздер естіп келемін. Бүгінгі жағдай бірінші рет емес” – деп жазды.

Оның сөзінше, күйеуінің бұл мінезі босанғаннан кейін тіпті асқынған. Әйел күйеуінің ашу үстінде намысқа тиетін ауыр сөздерді жиі айтатынын, өз әрекетіне ешқашан жауап бермейтінін жеткізді.

Желі халқы – ашулы

Бұл хаттар жарияланған соң, пікірлер қарша борады. Мыңдаған адам ер адамның әрекетін «қорлау», «психологиялық зорлық» деп атап, әйелге дереу кетуге кеңес берді.

– «Ондай адам өзгермейді»,

– «Жассың, балаңмен жаңа өмір баста»,

– «Біреудің қызына осылай сөйлегені – бүкіл қазақ әйеліне тіл тигізгені» – деген пікірлер көптеп жазылды.

Көпшілік бұл оқиғаны әйел құқығының қорғалмауының айқын көрінісі деп бағалап, құқық қорғау органдарын әрекет етуге шақырды.

Мәселенің ащы шындығы

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық, соның ішінде психологиялық қысым, әлі де кең таралған. Мамандар мұндай сөздік қорлау да зорлықтың бір түрі екенін, ол адамның психикасына ауыр соққы беретінін айтады.

Бұл жағдай тек бір отбасының мәселесі емес – ол еліміздегі әйелдердің күнделікті көріп жүрген шындығы. Ал қоғам үнсіз қалса, мұндай оқиғалар жалғаса береді.