$ 540.87  632.01  6.76

Трамп: «Путинмен саммиттің сәтсіз өту ықтималдығы – 25%»

Трамптың айтуынша, бұл кездесу Украина президенті Владимир Зеленскиймен өтетін екінші саммитке дайындық іспетті болмақ.

Фото: Chip Somodevilla/Getty Images North America
Фото: Chip Somodevilla/Getty Images North America

АҚШ президенті Дональд Трамп Аляскада өтетін Ресей көшбасшысы Владимир Путинмен кездесуінің сәтсіз аяқталу ықтималдығын 25% деп бағалады. Бұл туралы ол 14 тамызда Fox News Radio эфирінде жүргізуші Брайан Килмидке берген сұхбатында айтты.

— Қазір ол (Путин) келісімге келетініне сенімді. Меніңше, ол бұған барады. Жақын арада мұны анық білеміз. Бірақ 25% ықтималдық бар, кездесу нәтижесіз аяқталуы мүмкін, — деді Трамп.
 

Зеленскиймен келіссөзге дайындық

Трамптың айтуынша, бұл кездесу Украина президенті Владимир Зеленскиймен өтетін екінші саммитке дайындық іспетті болмақ. Сол кезде шекара, аумақ және өзге де мәселелер бойынша нақты келісім жасалуы ықтимал. Ол Путин және Зеленскиймен үшжақты саммит өткізу үшін үш түрлі орынды қарастырып жатқанын айтты.

— Егер кездесу сәтті өтсе, Зеленскийге қоңырау шалып, біз жиналатын жерге шақырамын, — деді ол.

 

АҚШ президенті келісімге келу тікелей Путин мен Зеленскийдің еркіне байланысты екенін, ал өзі олардың атынан мәміле жасамайтынын атап өтті.
 

Аляскадағы тарихи кездесу

15 тамызда Аляскадағы АҚШ ӘӘК Элмендорф-Ричардсон әскери базасында АҚШ пен Ресей президенттері алғаш рет Ресейдің Украинаға толық көлемді басып кіруінен кейін бетпе-бет келіссөз жүргізеді.

Кездесу сағат 11:30-да (Аляска уақытымен) тар форматта басталып, кейін екі ел делегацияларының қатысуымен жалғасады. Артынша жұмыс таңғы асы ұйымдастырылмақ.

Ресей делегациясында СІМ басшысы Сергей Лавров, президент көмекшісі Юрий Ушаков, қорғаныс министрі Андрей Белоусов, қаржы министрі Антон Силуанов және халықаралық инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл Кирилл Дмитриев бар.

Келіссөздердің басты тақырыбы — Украинадағы соғысты тоқтату жолдары. Сондай-ақ бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері, сауда-экономикалық ынтымақтастық та талқыланбақ.

Еуропа кеңесінің төрағасы Антониу Кошта Берлиндегі бейнебайланыс барысында Трамптың үш мақсатын атағанын мәлімдеді: атысты тоқтату, «Украинасыз — Украина жөнінде ештеңе» қағидасын сақтау және әділетті әрі тұрақты бейбітшіліктен кейін қауіпсіздік кепілдігін АҚШ пен Еуропа бірлесіп қамтамасыз ету.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары