"Украина тағдырына қатысты шешім енді Зеленскийдің қолында".
АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News-қа берген сұхбатында Владимир Зеленскийге Ресеймен келісімге келуге кеңес берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол жақын уақытта Путин мен Зеленский қатысатын үшжақты кездесуге дайындалып жатқанын айтып, Украина тағдырына қатысты шешім енді Зеленскийдің қолында екенін жеткізді.
«Олар менің кездесуде болуымды қалайды. Мен міндетті түрде сонда боламын», – деді Трамп.
Трамп саммитті «ондыққа лайық» деп бағалап, Путинмен әрдайым жақсы қарым-қатынаста болғанын атап өтті. Оның айтуынша, келіссөздер барысында айтарлықтай прогресске қол жеткізілген, ал Украина мәселесі бойынша келісімге келу ықтималдығы жоғары.
АҚШ президенті Ресейдің ядролық әлеуетімен санасу қажет екенін ескертіп, Еуропаны да дағдарысты шешуге белсендірек қатысуға шақырды. Ол шешілмеген бір маңызды мәселе бар екенін, бірақ жақын арада «біреу» оны жариялайтынын айтты.
Сонымен бірге, Трамп Путиннің «АҚШ биыл қару секілді оттай ыстық, ал былтыр мүлдем өлі елдей көрінген» деген сөзін еске салды. Сондай-ақ Путин 2020 жылғы сайлау пошта арқылы дауыс беру кесірінен бұрмаланғанын, ал Трамп үлкен басымдықпен жеңіске жетер еді деп мәлімдеген.
Кедендік саясатқа тоқталған Трамп Қытайға жаңа баж салығын енгізуді ойластырмайтынын, ал Ресейге қатысты шешімді 2–3 апта ішінде қабылдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, 15 тамыз күні Аляскада Трамп пен Путиннің тарихи кездесуі өтті. Қос тарап екі сағат 45 минутқа созылған «үшке үш» форматындағы келіссөз жүргізген.