16.08.2025, 17:00

«Орысша жауап бермедің» деп жүргізушімен ұрысқан жолаушы жұрттың ашуын туғызды (ВИДЕО)

Фото: видеодан алынды

Салондағы өзге жолаушылар жүргізушіні қолдап шықты.

Алматыда қоғамдық көлікте тіл мәселесіне байланысты шыққан дау әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқиға куәгері түсірген видеода жолаушы жүргізушіге қазақ тілінде жауап бергені үшін дауыс көтеріп, жанжал шығарған. Алайда салондағы өзге жолаушылар жүргізушіні қолдап шықты.

Желіде тараған видеода бір ер адам автобус жүргізушісіне ашулы үнмен сөйлеп тұрғаны анық байқалады. Жолаушының ашу себебі – жүргізушінің оған орыс тілінде емес, қазақ тілінде жауап беруі. Бұл сәтті видеоға түсірген азамат жазбасында:

«Жолаушы жүргізушіге орысша сөйлемегені үшін ұрысты. Қалғандары жүргізушіні қорғап шықты – қауіпсіздік бәрінен маңызды» деп нақтылады.

Оқиға әлеуметтік желіде кеңінен тарап, түрлі пікірлердің алаңына айналды. Көпшілік бұл әрекетті тілдік өктемдік деп бағалап, жолаушыны сынның астына алды. Пікірлер арасында «Қазақстанда жүрген адам қазақ тілін білуі тиіс», «Алматыны орыстың қаласындай көрсететіндер көбейіп кетті» деген жазбалар жиі кездеседі.

Кейбір қолданушылар бұл жағдайды ұлттық намысқа тию деп қабылдаса, енді бірі: «Қазақ, орыс демейік, ең бастысы – адам болайық» деген пікір білдіріп, барлығын сабырға шақырды.

Алматы қаласы – көпұлтты орта. Мұндай қоғамда әркімнің ана тіліне құрметпен қарауы – ұлттық бірлік пен қоғамдық тыныштықтың негізі. Жүргізуші жолаушыны тасымалдауға міндетті болғанымен, тілдік қысымға ұшырауға тиіс емес. Мемлекеттік тілде жауап беру — заң бұзушылық емес, керісінше, азаматтық парыз.

Желіде жазылған пікірлерден үзінділер:

«Мой юный друг, пшлнх» – деп жазысып, жолаушының әрекетіне күлгендер де бар; «Қазақстанда тұрып, қазақша білмейтін адамнан сұрау керек емес пе?» – деп пікір қалдырғандар да табылды; Тағы бірі: «Қазақ тілінде сөйлегені үшін кінәлағаның ұят емес пе?» – деп ашынып жазды.

Жолдағы дау-жанжал – тек жолаушылар арасындағы келіспеушілік емес, ол қоғамдағы тіл мен сана, құрмет пен менмендік арасындағы тартыстың көрінісі. Әлеуметтік желідегі реакция бұл тақырыптың қаншалықты өзекті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.