18.08.2025, 15:20

Павлодарда анасы балаларымен терезеден секірді: аман қалған ұл ауылда қалуды қалады

Фото: Instagram bibigul_imangaliyeva

Бала ауруханада жатқан кезде клиникалық психолог пен психиатрдың бақылауында болған.

Павлодардағы қайғылы оқиғадан тірі қалған жеті жасар бала Экибастұз ауданының ауылында туыстарының қолында, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы өңірдегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сауле Шакенова мәлімдеді. Оның айтуынша, бала қалаға қайтып барғысы келмей, ауылда қалуды қалап отыр. Әкесі де ауылға көшуге келісім берген.

«Мен бірден Экибастұз әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиеваға хабарластым. Ол баланың медициналық қолдауы, әрі қарай оңалтуы, жергілікті мектепке ауысуы және әкесінің жұмысқа орналасуы өз бақылауында болатынын айтты», – деді Шакенова.

Бала ауруханада жатқан кезде клиникалық психолог пен психиатрдың бақылауында болған. Дегенмен, уәкілдің сөзінше, оған әлі ұзақ уақыт кәсіби психологтың көмегі қажет.

«Оған бауырының қазасы туралы айтылған жоқ. Әкесін қасынан жібергісі келмейді, әрдайым жанында болуын қалайды», – деді ол.

Еске салсақ, 30 шілде күні Павлодарда көпқабатты үйдің бесінші қабатынан әйел екі баласын терезеден лақтырып, артынша өзі секірген. Кіші бала дәрігерлердің қолынан келмей көз жұмды. Ал үлкен ұл жамбас сүйегін сындырып, ұзақ уақыт емделгеннен кейін 14 тамызда ауруханадан шығарылды. Instagram bibigul_imangaliyeva