21.08.2025, 14:00

Жеке балабақшадағы сорақылық: Қызылордада 2 жасар баланы ауыр күйік шалды (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

"Маған оқиға болғаннан кейін жарты сағат өткен соң ғана хабарласты".

Қызылордада бала жеке балабақшада ауыр күйік алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қызылордада 22 мамыр күні «Сыр болашағы» жеке балабақшасында 2 жасар Еркежан есімді қыздың ауыр күйік алуына байланысты тергеу жалғасуда.

Ата-анасының айтуынша, баланың денесінің 30%-на дейін зақым келіп, ол жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оған күйіктік шок диагнозын қойып, 5 рет наркоз жасауға мәжбүр болған.

Қыздың анасы Айгүл Айдарбекованың сөзіне қарағанда, балабақша қызметкерлері жедел жәрдемді бірден шақырмаған:

«Маған оқиға болғаннан кейін жарты сағат өткен соң ғана хабарласты. Ал жедел жәрдем тек 16:22-де шақырылған», – дейді ол.

Оқиға кезінде балабақшада медициналық қызметкер болмаған.

Осы жағдайдан кейін мекемеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқиға орын алған раковиналарды қоса алғанда, сантехникалық құрылғылар ауыстырылған. Алайда, бүлдіршіннің ата-анасы бейнебақылау камерасындағы жазбаларды көруге мүмкіндік берілмегенін айтады.

Қазіргі таңда отбасы объективті тергеу жүргізуді, кінәлілерді жауапқа тартуды және мұндай жағдайдың қайталанбауына шара қабылдауды талап етуде.