21.08.2025, 17:40

«Мама, тұршы»: Атырау тұрғыны әйелін екі қызының көзінше ұрып өлтірді

Фото: Марқұмның туыстарынан

Тек туыстарының талап етуінен кейін ғана болған оқиға ресми түрде расталды.

Атырауда 39 жастағы Ляззат Тасқынбаева күйеуінің қолынан қаза тапты. Әйел 14 жыл бұрын тұрмысқа шыққан, екі қызы бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Марқұмның сіңлісі Майраның айтуынша, соңғы бес жыл бойы күйеуі Ляззатты үнемі ұрып-соғып келген. Бірақ ол отбасын сақтап қалу үшін бәріне шыдаған, жұбайы өзгереді деп сенген. 19 тамызда кезекті жанжал кезінде ер адам әйелін тағы да ұрып-соққан. Бір соққысы басына тиіп, Ляззат сол жерде жан тапсырған. Қасіретті сәттің бәрін оның балалары көрген. Олар анасын оятпақ болып, жылап қасында отырған.

«Қыздар анасының қасында отырып: "Мама, тұршы! Сен жай ғана ұйықтап жатырсың ғой!" – деп жалынды. Бірақ ол оянған жоқ», – дейді Майра.

Ляззаттың артында екі қызы қалды: үлкені биыл 6-сыныпқа барса, кішісі 1-сыныптың табалдырығын аттады. Соңғы екі жылда әйел жұмыс істемей, тек балаларына көңіл бөлген. Оқиға болғаннан кейін ер адам бірден жедел жәрдемге хабар берудің орнына екі қарындасына телефон шалған. Кейін олардың

Ляззаттың туыстарына: «Бізге мәйіт керек емес, моргтан өздерің алып кетіңдер» – деп айтқаны жәбірленушілердің жанын жаралады. Полиция бастапқыда жағдайды жасырмақ болған. Тек туыстарының талап етуінен кейін ғана болған оқиға ресми түрде расталды. Қазір күдікті қамауда, қылмыстық іс қозғалды.

Майраның айтуынша, бұл – «ұят» немесе «отбасылық мәселе» емес, қоғам үшін үлкен қасірет.

«Бұл – адам өлтіру. Бұл – бүкіл елдің қасіреті. Біз үндемесек, мұндай жағдайлар жалғаса береді. Өз қыздарымның да осындай қоғамда өмір сүргенін қаламаймын», – деді ол.

Айта кетейік, жуырда Жамбыл облысында жүкті әйелін өлтірген ер адам 15 жылға сотталған болатын.