"Неге маған бұлай қарайтынын түсінбедім".
Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында 2014 жылы жастар құрамасының бас бапкерімен болған келіспеушіліктерін ашық айтты, деп Skifnews.kz ақпарат порталы.
Спортшының айтуынша, бапкер тарапынан оған алдын ала қалыптасқан теріс көзқарас болған.
«Неге маған бұлай қарайтынын түсінбедім. Кейіннен “ол мүлдем ойнай алмайды, тек әдемілігі үшін ғана құрамада жүр. Жеңілістердің бәрі Сабинаға назардың көптігінен” деген әңгімелер тарады. Мұны қақтығыс деп емес, түсінбеушілік деп қабылдадым. Ол менен бір нәрсе талап етті, бірақ нақты не қалағанын түсіне алмадым. Әр жаттығудан кейін көз жасымды тия алмайтын кездерім көп болды. Тіпті қонақүйде тұрып бапкерге хабарласып: “Ұлттық құрамада ойнағым келмейді, қатты шаршадым” дейтінмін», – деді Алтынбекова.
Айта кетейік, Сабина Алтынбекова 2013–2018 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ойнады. Ол алғаш рет 2013 жылы 23 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия чемпионатында ел намысын қорғаған. Ал 2014 жылы Тайбэйде өткен U-19 Азия чемпионатынан кейін бүкіл Азияға танылып, үлкен танымалдылыққа ие болды. 2018 жылдан бері ұлттық құрамаға шақырылмаған.