Экологтардың мәліметінше, бұл мұнай дағы кемеден заңсыз төгілген қалдықтан пайда болуы мүмкін.
Спутник суреттерінде Каспий теңізінің бетінде көлемі 0,4 шаршы шақырым болатын мұнай дағы байқалды. Ластану Қазақстан, Әзербайжан және Түрікменстан суларына тарап үлгерген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Экологтардың мәліметінше, бұл мұнай дағы кемеден заңсыз төгілген қалдықтан пайда болуы мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, бір ғана кеменің әрекеті тұтас теңізге қауіп төндіріп отыр. Теңізді қорғауға бағытталған негізгі халықаралық құжат – МАРПОЛ конвенциясы. Ол мұнай, химикаттар, қоқыс пен ауаға таралатын зиянды шығарындыларды шектеуді міндеттейді.
Каспий теңізі ресми түрде «ерекше қорғалатын аймақ» мәртебесіне ие болмаса да, жағалаудағы елдер бұл ережелерді орындауға тиіс. Сонымен қатар, 2003 жылы Каспий маңындағы мемлекеттер Тегеран конвенциясына қол қойған.
Құжатқа сәйкес, елдер теңізді қорғау, ластанудың алдын алу және оны бақылау шараларын қабылдауға міндетті. Қазақстан заңнамасында да теңізге кеме қалдықтарын төгуге тыйым салынған.
Дегенмен, Каспийдің бетінде пайда болған мұнай дағы заңдардың орындалуына қатысты күмән тудырып отыр. Бұл жағдай теңіздің экологиялық қауіпсіздігіне қатысты халықаралық және ұлттық бақылаудың қаншалықты тиімді екенін қайта қарауды талап етеді.