Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.
Қазақстанда тұрмысы жақсы көпбалалы отбасыларға мемлекеттен қосымша әлеуметтік қолдау берілмейді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді. Министрдің сөзінше, өзгеріс заңды төлемдерге әсер етпейді. Мәселен, 10 баласы бар отбасы мемлекеттен ай сайын әр балаға 15 мың теңгеден, жалпы 150 мың теңге ала береді. Бірақ қосымша қолдаулар — мерекеге орай берілетін біржолғы төлем, мектепке сөмке мен құрал-жабдық түрінде көрсетілетін көмек — енді берілмейді.
«Негізгі мақсат — көмекті шынымен мұқтаж адамдарға жеткізу. Егер бір отбасында 2 немесе одан да көп пәтер болса, әрі жан басына шаққандағы табыс айына 200 мың теңгеден асса, онда көпбалалы болса да, қосымша жеңілдіктер алмайды», – деді Жақыпова.
Бұл өзгеріс әлеуметтік саясаттағы маңызды бетбұрыс ретінде қарастырылып отыр. Себебі мемлекет шын мәнінде жағдайы төмен көпбалалы отбасыларды қолдауды күшейтпек.