Оқиға 31 тамыз күні сағат 21:00 шамасында Топар ауылында орын алған.
Қарағанды облысында Ішкі істер министрлігіне қарасты Арнайы мамандандырылған күзет қызметінің (АМКҚ) қызметкері әріптесін абайсызда атып өлтірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды. Хабарламада: "Жезқазғанда полиция қызметкері, кіші сержант, табельдік қарудан әріптесінің аузына бағыттап оқ атқан, салдарынан ол қайтыс болды", – делінген.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға 31 тамыз күні сағат 21:00 шамасында Топар ауылында орын алғанын нақтылады. Оқиғаға Арнайы мамандандырылған күзет қызметінің қызметкерлері қатысқан.
"Топар ауылындағы "ГРЭС" ЖШС нысанын күзету кезінде қайғылы оқиға орын алды. Арнайы күзет қызметі басқармасының қызметкері абайсызда табельдік қарудан оқ атып, нәтижесінде оның серіктесі оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп хабарлады Полиция департаменті.
Қазір күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу және қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.