Қашаған кен орнындағы барлық операциялар теңіз арқылы персонал тасымалдауға тәуелді.
Каспий теңізінің деңгейінің төмендеуі Қазақстан үшін ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл жағдай экологияны ғана емес, мұнай-газ өндірісін де тығырыққа тіреуде. Қашаған кен орнындағы барлық операциялар теңіз арқылы персонал тасымалдауға тәуелді. Ал су деңгейінің азаюы өндірісті күрделендіріп, болашақта мүлде тоқтату қаупін туғызуы мүмкін, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Атырауда өткен жиында бұл мәселе қызу талқыланды. Комиссия мүшелері де, экологтар да, мұнай компаниялары да алаңдап отырғанын жасырмады. Қазірдің өзінде Қашаған маңында канал қазу жұмыстары басталған. Алайда теңіз тартылуы жалғаса берсе, мұнай-газ саласы үшін үлкен соққы болуы ықтимал.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін ашық айтты:
«Каспийге келетін судың 80 пайызы Еділден (Волга) келеді. Егер ол азайса, ең бірінші кеуіп қалатын – Қазақстан секторы. Қазірдің өзінде теңіздің деңгейі 1970 жылдардағы ең төмен көрсеткішке жетті. Бұл – өте қауіпті белгі», – деді ол.
Экологтар дабыл қағуда: егер теңіз тартылуы жалғасса, Қазақстанның батыс өңірлері ең үлкен зардап шегеді. Осыған байланысты Атырауда арнайы ғылыми институт құрылып, Каспийдің қазіргі жағдайын зерттеуге кірісті.
Бұл мәселе тек Қазақстан үшін емес, теңіз жағалауында отырған барлық мемлекеттер үшін ортақ қауіпке айналып отыр. Бірақ ең алдымен зардап шегетін – біздің ел.
Каспий теңізінің тартылуы тек экология емес, экономикалық және геосаяси қауіпке айналып отыр. Енді басты сұрақ – «Қашағанды қалай игереміз?» емес, «Каспийді қалай сақтап қаламыз?» дегенге тірелуде.