Депутаттың сөзінше, мәселенің түп-төркіні – мердігер компанияның өз міндетін дұрыс орындамауында.
Мәжіліс депутаты Максим Рожин ауылдағы мектеп құрылысының созбалаңға салынғанын сынға алды. Оның айтуынша, үш жылдан бері күрделі жөндеуі аяқталмаған мектептің оқушылары білімді ауылдағы кафе, әкімшілік ғимараты мен мәдениет үйінде алуға мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Депутаттың сөзінше, мәселенің түп-төркіні – мердігер компанияның өз міндетін дұрыс орындамауында.
«Мердігер анықталғаннан кейін жұмысын дұрыс жүргізбеген. Оны сотқа берді. Сот жүріп жатқанда басқа компанияға тапсыру мүмкін болмады. Сол уақыт аралығында мектеп қаңырап бос тұрды», – деді ол.
Рожиннің айтуынша, ауыл мен қала баласының теңдей білім алуы жай сөз болып қалған.
«Бұл – әділетсіз дүние. Бір елдің азаматтары болса да, жағдайлары әртүрлі. Қала баласы жаңа мектепте оқиды, ал ауыл баласы үш жыл бойы қаңғырып, кафеде сабақ оқып жүр. Осыдан кейін біз тең мүмкіндіктер туралы айта аламыз ба?» – деп мәселені көтерді депутат.
Халық қалаулысы білім беру саласындағы осындай олқылықтар ел болашағына кері әсерін тигізетінін айтты. Оның пікірінше, жауапсыз мердігерлерге жағдай жасау емес, ең алдымен балалардың құқығы мен сапалы білім алу мүмкіндігі қорғалуы тиіс.