05.09.2025, 11:00

Елімізде енді бір адам тәулігіне 140 литрден артық су пайдалана алмайтын болды

Фото: Pixabay

Министрлік бұған дейін әр өңірде су бағасы әртүрлі есептелгенін жеткізді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұтынуға арналған тіршілік нәрінің тәуліктік нормасын бекітті. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Енді бір тәулікте бір адам 140 литрден артық су пайдалана алмайды. Егер нормадан асып кетсе, баға 30%-ға қымбаттайды.

Министрлік бұған дейін әр өңірде су бағасы әртүрлі есептелгенін жеткізді. Сондықтан топтық және жергілікті жүйелердегі тарифті мемлекет субсидиялап келген. Бұл бюджетке салмақ түсірген.

“Суды бірінші кезекте үнемдеу мақсатында осындай шаралар қабылдануда. Ал негізі біздің ойымызша қазіргі таңда 140 литр күнделікті бір адам басына шаққанда ол толығымен жетеді”, – дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керімқұлов.

Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтардың орташа тәуліктік шығыны 100-120 литр шамасында. Демек, жаңа норма көпшіліктің қалтасын қаға қоймайды.

“Тарифтерді өзгерту көпшілік халықтың қалтасын қақпайды. Бірақ оны үнемдеуге ынталандырады. Ал енді кейбір суды байқаусыз көбірек қолданатын адамдарды бұл бір жолға салады. 13-қыркүйектен бастап әр литр су есепке алынады. Осылайша, Үкімет халықты ысырапшылдықтан арылтып, тіршілік нәрін үнемдеуге шақырмақ. Ал, ескертуді елемегендер артық пайдаланған суы үшін қосымша қаражат төлеуге міндеттеледі”, – дейді қаржыгер Сапарбай Жобаев.