09.09.2025, 11:40

Балқаштағы мектептерге жарылғыш зат қойылғаны рас па?

Фото: pexel

Бұл туралы Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады. 

Әлеуметтік желілерде Балқаш қаласындағы мектептерге жарылғыш заттар қойылды деген хабарлама таратылып жатыр. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

— Әлеуметтік желілер мен Telegram-арналарда Балқаш қаласындағы мектептерге жарылғыш заттар қойылды деген қауесеттер таратылып жатыр. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтындығы туралы ресми түрде мәлімдейміз. 

Жалған мәлімет тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық білім беру мекемелері полиция қызметкерлерімен тексерілді — ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ, — делінген Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі хабарламасында.

Қазіргі уақытта жалған ақпарат таратқан адамдарды анықтау және ұстау үшін ауқымды жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

— Қарағанды облысының полиция департаменті терроризм актісі туралы әдейі жалған хабар таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Балқаш қаласының тұрғындары мен қонақтарын сабыр сақтауға, арандатушылыққа ермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз, — делінген хабарламада.