16.09.2025, 13:40

«Бокс дамымай қалған елдердің спорты»: Белгілі жазушы әлем чемпионатынан кейін күтпеген мәлімдеме жасады

Фото: коллаж Sn.kz

Бокс өзі Англиядан шыққан.

Жазушы Қанат Тілеухан дамыған елдердің бокспен айналыспайтынын айтты. Жазушы бұл ойын Instagram желісіндегі парақшасында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жазушының айтуынша бокс дамымай қалған елдерге тән спорт түрі.

“Неге Еуропаның дамыған елдері бокспен айналыспайды? Неге олардың боксшыларын жиі көрмейміз? Осы ой Махмұд Сабырхан мен оның қарсыласы испаниялық боксшыны көргенде келді. Испания десе әдетте біздің есімізге футбол түседі. Барселона, Реал, Атлетико секілді. Ливерпульдің өзінде де өтіп жатыр. Бокс өзі Англиядан шыққан. Бірақ ағылшын боксшылары соншалықты көп емес. Финалға шыққаны жеңіліп қалды. Оны да сүйреп жатқан ешкім жоқ. Негізі голландиялық, германиялық, португалиялық, италиялық боксшылар мүлде байқалмайды. Немесе өте бай Дания, Норвегия секілді Скандинавия елдерінен де боксшылар жоқ. Мысалы, Австрия боксшысын көрдіңіз бе? Жоқ. Көбіне Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Куба, Балқан түбігіндегі елдер, мажарлар, қырғыз, қытай, Солтүстік Корея елдері бокстасып жатады. Бұл экономикалық, демократиялық тұрғыдан дамымай қалған елдердің спорты ма деп ойлайсың. Неге дамыған елдердің боксшылары жұдырықтаспайды? Осыны мен түсінбедім”, — дейді ол.

Желі қолданушылары Қанат Тілеуханның боксқа қатысты пікірін қызу талқылауда.

”Қате пікір деп ойлаймын. Себебі, АҚШ пен Жапонияның жақсы боксшылары бар. Бір спортты әбден зерттеп білмей, оған пікір айту дұрыс емес”, “Еврейлер балаларын бокс, күреске бермейді, шахматпен айналысады”, “Қазақ бір спорттан жетістікке жетсе осындай пікірмен кері тартатын әңгімені өз қазағымнан естіген өкінішті”, “Дамыған елдерге бокс не үшін керек? Ақшасы жоқ адам жұдырықтасады”, — деп жазды олар.