17.09.2025, 22:30

Қызылордадағы қысқы драма: газ жоқ, су лас, жол жоқ, мектеп пен емхана жетіспейді

Фото: e-history.kz

Ауылдағы жағдайды көргендер «суық үйде мүгедек бала қалай отырады?» деп алаңдауда.

Қызылорда қаласынан 5 шақырым жерде орналасқан Сабалақ ауылында тұрғындар 20 жылдан астам уақыт бойы газдандыруды күтуде. Ауылдың 6 мыңнан астам тұрғыны бар, бірақ 2 мыңға жуық үйде пеш көмірмен ғана жануда. Газ құбырлары ауыл іргесінде тұрса да, тұрғындарға жетпей отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ауылдағы жағдайды көргендер «суық үйде мүгедек бала қалай отырады?» деп алаңдауда. Сабалақта 17 көшенің тек 2-еуі асфальтталған, 3-уі ұсақ таспен жабылған. Қалаға бір ғана автобус қатынайды. Емхана жоқ, тек медпункт бар, бірақ мамандар жеткіліксіз. Мектеп жеке меншік және 9 сыныптық қана, мәдениет ошағы жоқ.

Газ құбырын тартуға жалпы 3 млрд теңге қажет: 1 млрд республикалық бюджеттен, 1 млрд жергілікті бюджеттен, қалғаны демеушілер есебінен. Мердігер алғашқы транш ретінде жергілікті бюджеттен 500 млн теңге алып жұмысты бастағанымен, қалған қаржы келмей құрылыс тоқтап қалған.

Ауыл тұрғындары әкімдікке бірнеше рет жүгінгенімен нәтиже жоқ екенін айтады. «Назарбаев атындағы саябаққа 15 млрд теңге бөлінсе, Сабалаққа газ құбырын тартуға қаражат жоқ. Саябаққа ақша бар, халыққа жоқ» дейді олар.

Қарапайым тұрғындардың ауыртпалығын көтеріп отырған – өзара көмек. «Ауыл» партиясының мүшесі, «Жан шуақ» сыйлығының иегері Зәуре Өскімбаева өз сыйлығының 1 млн теңгесіне 21 тұрғынына көмір жеткізген. Мүгедек адамның мүгедекке көрсеткен көмегі Президенттің формуласының айқын көрінісі ретінде бағаланады.

Парламент Мәжілісінің депутаты Серіков Т Ғ хабарлағандай:

1. Алдағы уақытта Сабалақ ауылына табиғи газ тарту уәдесі нақты орындалуы тиіс.

2. Су мен жол мәселелерін шешуге қосымша қаржы қарастырылуы қажет.

3. Мектеп, емхана және мәдениет үйі мәселесі шешілуі тиіс.

Халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасы тек қағазда емес, іс жүзінде көрінуі керек.