KEGOC отандық өндірушілерден сатып алу көлемін жүйелі түрде ұлғайтып келеді.
«KEGOC» АҚ-да отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға KEGOC өкілдері және қазақстандық кәсіпорындардың өкілдері, оның ішінде «Оралагрореммаш» АҚ, «Қазэнергокабель» АҚ, «Спецобувьторг» ЖШС және «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Іс-шара барысында атап өтілгендей, KEGOC отандық өндірушілерден сатып алу көлемін жүйелі түрде ұлғайтып келеді. 2025 жылдың сегіз айында бұл көрсеткіш 15 млрд теңгеге немесе жалпы сатып алудың 63%-ды құрады, ал 2022 жылы ол 54% болған еді. Бұдан бөлек, компания мердігерлермен жасалатын келісімшарттарда «Самұрық-Қазына» қорының Тізіліміне енгізілген кәсіпорындардан материалдар мен жабдықтарды сатып алу міндеттемесін бекітеді.
Серіктестік қатынастарды дамытуға офтейк-келісімшарттар айтарлықтай үлес қосуда. Олар өнімге кепілдендірілген өткізу нарығын қамтамасыз етеді. Егер 2022 жылы жалпы құны 7,8 млрд теңге болатын төрт келісімшарт жасалған болса, 2025 жылдың сегіз айында олардың саны онға жетіп, жалпы көлемі 20,9 млрд теңгеден асты. Жаңа ережелер офтейк-келісімшарттарды 20 жылға дейінгі мерзімге жасасуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде отандық кәсіпорындарға ұзақ мерзімді жоспарлау мен инвестициялау мүмкіндігін ашады.
2022 ж. – 4 келісімшарт (7,8 млрд тг);
2023 ж. – 5 келісімшарт (3,6 млрд тг);
2024 ж. – 9 келісімшарт (17,4 млрд тг-ден астам);
2025 ж. 8 ай – 10 келісімшарт (20,9 млрд тг-ден астам).
«Отандық өндірушілерді қолдау – KEGOC үшін стратегиялық басымдық. Біз оларды сатып алу жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ұлттық қосылған құнды қалыптастыратын негізгі серіктестер ретінде қарастырамыз. Біздің мақсатымыз – отандық компаниялардың өсуіне жағдай жасау және елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайту», – деп атап өтті «KEGOC» АҚ қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директоры Саят Құрманов.
KEGOC-тың ынтымақтастығы қазірдің өзінде Қазақстанның жетекші кәсіпорындарын қамтып отыр. Олардың қатарында «Asia Trafo» ЖШС, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС, «Қайнар-АКБ» ЖШС және басқалар. Бұл кәсіпорындар KEGOC-пен серіктестіктің тұрақты сұранысты қамтамасыз етіп, жаңа технологияларды енгізуге серпін беретінін атап өтуде.
KEGOC отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларының кешенін әрі қарай жалғастырады. Оған отандық тауарлар мен қызметтерді басым қарастыру, төлемдерді жеделдету, алдын ала төлем жасау, қамтамасыз етуден босату және мердігерлердің қазақстандық кәсіпорындардан өнім сатып алу міндеттемелері кіреді. Компанияның алдағы міндеттерінің қатарында офтейк-келісімшарттар тәжірибесін кеңейту, аса маңызды жабдықтарды жергіліктендіру және электротехника мен машина жасау салаларында жаңа өндірістерді ынталандыру бар.