$ 494.87  520.65  4.91

«Алпыстың» қырық кеншісі жер астынан шықпай қалды

Тиісті еңбекақыларын ала алмай жүрген павлодарлық кеншілер ақырғы шараға баруға мәжбүр болды. Осылайша, «Майқайың-Алтын» акционерлік қоғамына қарасты «Алпыс» шахтасының қырық кеншісі бірнеше күннен бері жер астында түнеуде, деп хабарлайды КТК.

Жұмысшылардың айтуынша, олардың отбасылары азық-түліксіз қалған. Ал жақында ғана ауысқан жаңа басшылық бұл мәселені реттейміз деп ант-су ішуде.

Алтынды жер қойнауынан алып шығып, оны өңдеумен айналысатын азаматтар шыдамы шегіне жеткенін айтады. Себебі, бірнеше айдан бері тиісті еңбекақыларын ала алмай жүр. Ашынған жұмысшылардың айтуынша, орта есеппен әр кенші бір айда 150-170 мың теңге алуы тиіс екен. Бірақ, оны жартысы да қолдарына тимеген. Олар осыны айтып, үш тәулік бойы кеніштен шықпай қойды.

«Балалары мектепке барғалы отырған кеншілер ақшадан тарығып отырғандықтарын айтуда. Ай сайын алып отырған 150-160 мың теңге жалақының орнына қолдарына 64 мың теңгеден ұстатып жатыр. Оның үстіне, айтуларынша, жердің астында оларға ешқандай жағдай да жасалмайды, тіпті, бетке тағатын бетперде де бермейд», делінген телеарна сюжетінде.

Жақында белгісіз себептермен мекеменің басшылары ауысқан. Кеншілер содан бері жалақыдан қағылыпты. Ал алтын мен мыс өндіретін мекеменің қазіргі мамандары болса, бұл шикіліктер бұған дейінгі басшылықтың былығы екенін айтуда. Солардың кесірінен өндіріс 400 млн. теңгеге жуық қарызды өтей алмай жатқанға ұқсайды. Алайда жаңа басшылық бұл мәселелер жуырда шешімін табады деп сендірді.

— Біз компания ретінде елді-мекеннің дамуы мен оның тұрғындарын еңбекақымен қамтамасыз етуге міндеттіміз. Адамдар жұмыс істесе, өндіріс те ілгерілейді. Сондықтан мәселенің мән-жайын анықтау үшін осында келдік, — дейді «Русская медная компания» холдингінің экономикалық қауіпсіздік жөніндегі жетекші маманы Михаил Петельный

Кеншілер сондай-ақ, өндіріс ошағында қауіпсіздік ережелерінің сақталмайтынын айтады. Тереңдігі жүз метрден асып жығылатын жер астында олардың жұмыс істеуі үшін жағдай жасалмаған. Арнайы құрылғылардың ескіруінен ауа да дұрыс келмейді екен. Тынысы әбден тарылған жұмысшылардың шағымын естіген аудан әкімі шахтаға өзі түсіп көрді.

— «Майқайын-Алтында» бүгін тексеріс болады. Барлығы заң бойынша тексеріледі. Осы тексеріс өткенше мына кісілердің еңбегі төленеді, — дейді Баянауыл ауданының әкімі Ернұр Әйткенов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары