24.09.2025, 11:50

Талдықорған әкімдігі салған жаңа үй жауынға шыдамады: шатырдан су сорғалап, халық шелекпен су шығаруда (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Жаңбыр суы ас бөлме мен дәліздерге ағып, тіпті кіреберістерді де толтырған.

Талдықорғандағы Құлагер ықшамауданында жаңа ғана пайдалануға берілген көпқабатты үй қыркүйектің алғашқы жаңбырына төтеп бере алмады. Әлеуметтік желіге тараған видеоларда төбеден су сорғалап, пәтерлер мен дәліздерді түгел су басқаны анық көрінеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. Жаңбыр суы ас бөлме мен дәліздерге ағып, тіпті кіреберістерді де толтырған. Тұрғындар шелек пен леген алып, су шығарып әлек.

«Бұл тек қыркүйектің әлсіз жаңбыры, ал қазан, қарашада нөсер жауса, қыста қалың қар түссе не болмақ?» – деп халық алаңдаулы. Қала тұрғындары құрылыс сапасына наразы. «Үйді тапсырған кезде әкімдік пен мердігерлер барлығын мақтап, кілтті салтанатты түрде табыстады. Бірақ бірнеше апта өтпей жатып, төбеден су ағып жатыр. Бұл қалай қабылданған үй?» – дейді тұрғындар. Желі қолданушылары да әкімдікті сынға алды. «Ақша жеп, сапасыз үйді өткізе салды», « Кеңес заманында салынған үйлердің өзі мұндай күнге жетпеген», – деп пікір жазғандар көп. Халық енді жергілікті биліктен нақты жауап күтуде. «Осылайша қысты қалай өткіземіз?» деген сұраққа әкімдік пен мердігер компания әлі түсініктеме берген жоқ.